Чт. Окт 23rd, 2025

Несиесі алдын ала мақұлданған, қолында кепіл хаттары бар адамдардың жағдайы енді не болады?

Астана тұрғыны, кардиолог Валерия ипотека алуға біраз жыл дайындалғанын әңгімеледі. Бірде қажетті қаржыны таппаған, енді бірде қызықтыратын ұсыныс, ұтымды аудандағы ұнайтын пәтер болмаған. Оның орайы биыл ғана келіпті.

«Бұрын ипотека алған адамдардың кеңесімен кредиттік тарихымды қалыптастырдым. Жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеге несиеге түрлі зат алып, мерзімінде өтедім, бірде бір төлемін қалт жібермедім. Бастапқы жарнаға артығымен жететін жинақ жиналғанда Тұран даңғылындағы жаңа тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі жайлы баспананы таңдадым. Құрылыс салушы тек бір банкпен жұмыс істейді екен. Оған өтініш бердім. Барлық құжатым тексерілген соң өтінішімнің алдын ала мақұлданғаны туралы хабарлама келді», – дейді ол.

Банктің Call-орталығына хабарласып нақтылады, оператор оң шешім қабылданғанын растаған. Шаттық толқынында шалқыған Валерия дереу достарын жинап, қуанышты жаңалығымен бөлісіп, атап өтеді.

Оған банк қызметкері өтінішінің мақұлданғанына қатысты кепілхат берді. Валерия банк талап еткен барлық құжаттар топтамасын жинап тапсырды. Кейбір алымын да төлеген.

«Алайда өткен аптада менеджер өтінішіме банктің базасында «Отказано» деп белгі соғылғанын мәлімдеді. Неге олай? Кредиттік тарихым тап-таза. 1 ай да кешіктірген емеспін. Рейтингім жоғары. Табысым жетеді. Онда неге бас тартады? Менеджер «банктік құпия» деп себебін түсіндірмеді. Сол жерде егіліп жылап жібердім. Өзімнен өзім отырып, кейде ойыма түскенде көңілім босап, жасым саулай аға жөнеледі. Аңсарымдағы баспанамды 3 күн өткен соң құрылыс компаниясы басқаға сатып жіберді. Өзге пәтерлері қолжетімсіз болып қалды. Шаршы метрінің бағасы күн сайын 150 мың теңгеге көтеріледі», – дейді Валерия.

Банктің байланыс орталығы операторының түсіндіруінше, алдын ала мақұлдау және кепіл хат беру – кредиттің міндетті түрде берілетінінің кепілдігі болып табылмайды. Бұл тек қарыз алушыны тексерудің бірінші кезеңі ғана. Кепіл хат клиенттің банктің базалық скорингінен (ашық деректер бойынша автоматты бағалаудан) өткенін білдіреді екен. Ақырғы шешім банк мамандарының құжаттарды мұқият талдауы, табысын растауы және тәуекелдер деңгейін бағалау сияқты сатылардан өткен соң қабылданады.

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның мүшелері де осы мәселені көтеріп, қаржы нарығын реттеуші агенттіктен зардап шеккен тұтынушылардың құқығын қорғауды сұрады. Өйткені бір жағынан, заң бойынша қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын осы агенттік қорғауға міндетті.

Ұлттық банк базалық ставканы 18%-ға дейін күрт көтергенде, банктер көптеген клиентінің ипотека ұсыну туралы кепілдік хаттарының күшін жоя салған.

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам қайраткері Дидар Смағұлов та ұқсас жағдайға тап болғанын қамыға жеткізді.

«Әне-міне, тұрғын үй несиесін аламын деп отырған қаншама қазақстандықты банктер сазға отырғызып кетті. Пәтер иесін ипотекаға сатуға көндіру де оңай емес. Бұл адамдарды енді кім қорғайды? Мемлекеттің шешімінен зардап шегуде. Ұлттық банк базалық ставканы 1,5%-ға – 18 пайызға дейін күрт арттырғанда, қолында ипотеканың мақұлданғаны туралы гарантиялық хаты бар азаматтарымыз баспана сатып алу мүмкіндігінен лезде айрылды. Осындай шешім қабылдайтынын Ұлттық банк халыққа алдын ала ескерткен де жоқ», – деді сарапшы.

Дидар Смағұловтың түсіндіруінше, көптеген азаматтар банктің осы мақұлдауын алу үшін бар қаржысын сарқа жұмсап, алдыңғы қарыздарының бәрін жабуға мәжбүр болды. Енді бір бөлігіне көндіру үшін ипотекаға алынатын пәтердің қожайынына баспана құнының белгілі бір көлемін алдын ала төлеп қоюға тура келіпті.

Себебі, қазіргі кезде Қазақстанда ересек 13 миллионнан аса тұрғынның 70%-ының банктен алған екі және одан көп қарызы бар. Содан көп жағдайда саудаға шығарылған пәтерлер басқа банкте кепілде тұрады.

Оны кепілден шығарып алу үшін сатып алушы қажетті соманы алдын ала төлеуге және оның заемын «жабуға» тиіс. Әйтпесе, басқа банкте кепілде жатқан баспанаға ипотека берілмейді. Осы адамның бәрі жапа шекті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрайымының орынбасары Олжас Қизатов қарапайым халықты қорғаудан аттонын ала қашты.

Оның пікірінше, егер банктің құжаттарында бұл үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаса, онда банк ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Өзіне-өзі жаза қарастыратындай, банкирлер ақымақ емес.

«Бірінші кезекте, мұндай деректер жаппай сипатқа ие ме, әлде ішінара ғана жағдай ма, осыны түсініп алуымыз керек. Банктер жаппай бас тартыпты деген ақпарат әзірге бізде жоқ. Екіншіден, кепіл хаттардың өзіне қатысты шарттарды зерттеу қажет. Әдетте, егер Ұлттық банк базалық ставканы өзгертсе, кепіл хат күшін жоюы мүмкін. Біз бұл іспен айналысамыз», – деген Қизатов егер шарттарда жазып қойса, банктер кепіл хаты бар клиенттерге де ипотека беруден бас тартуға құқылы екенін қосты.

Яғни, ақпарат құралдары, қоғам белсенділері, депутаттар өткен аптадан бері көтеріп жатқан проблемадан салалық басты орган хабарсыз болып шықты, тіпті мән-жайын анықтауға кіріспеген.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі төрайымының орынбасары тағы бір нәрсеге назар аудартты: ипотекалық кредит бергенде, банк әрбір заемшының қаржылық жағдайын жеке бағалайды. Егер клиент төлем қабілетті болса, табысы жоғары әрі тұрақты болса, ол тұрғын үй несиесін алудан үміттене алады.

Inbusiness.kz бұған дейін Қазақстанда банктер ипотека беруді және клиенттерден өтініш қабылдауды уақытша тоқтатып тастағанын жазған болатын.

Қаржылық сарапшы Инна Солдатенко банктің ипотека және өзге кредиттерді беруден бас тартуының басқа да кең таралған себептерін атады:

• Клиенттің «Борыш жүктемесінің коэффициенті» (БЖК) тым жоғары: өз несиені өтеуге ай сайынғы табысының 50%-дан артығын жұмсауына тура келеді;

• Кредиттік тарихы жоқ немесе нашар;

• Ұсынған құжаты оның табысын нақты растамайды немесе ондай құжаты мүлдем жоқ;

• Банкке енгізетін бастапқы жарнасы тым аз;

• Кепілзаты жеткілікті түрде бағалы емес және берілетін қарызды (ипотеканы, автокредитті) толық қамтымайды;

• Клиент төл жұмыс өтілі (тым жас немесе тым егде), жұмыс орны (мысалға, банкроттық алдында тұрған немесе шығынды компанияда істейді), атқаратын лауазымы бойынша банк талабына сәйкес келмейді;

• Клиент мәліметтерін дұрыс немесе толық көрсетпеген.

• Өтініш иесіне несие беруге кедергі келтіретін банктің басқа да «ішкі шектеулері».

Сарапшы банктердің кредит беруден бас тарту себебін нақты айтпайтынына, егжей-тегжейін көбіне жасыратынына назар аудартты. Өйткені соның негізінде клиент бір мін тауып, сотқа береді немесе қаржы нарығын реттеу агенттігіне, тұтынушы құқықтарын қорғау комитетіне шағымданады деп қауіптенеді. Дегенмен, егер бас тартып жатса, оның себебін сұраудан қаймықпау керек. Бұл олқылықты түзетіп, қайтадан өтініш енгізуге мүмкіндік береді.


Дереккөз: Inbusiness.kz