Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуына байланысты БАӘ-де қалған қазақстандықтар туралы пікір білдірді
«Қазіргі таңда кейбір әуе компанияларының БАӘ-ден Қазақстанға рейстері тоқтауына байланысты Қазақстан Республикасының 300-ге жуық азаматының елге жетуі бойынша уақытша қиындық туып отыр. Олардың көпшілігі туристер.
Оқиға орнында дипломаттарымыз жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта әуе компанияларымен жасалған келісімнің арқасында азаматтардың жартысынан көбі елге оралады деп күтіліп отыр», — деді Айбек Смадияров.
Ол 14 маусымда Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің үндеуі жарияланғанын, онда Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігінде және оған жақын жерде ұшуға тыйым салынғаны туралы ескерту жарияланғанын еске салды.
«Үндеуде туристерге жағдайды жіті қадағалап, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне сапарды жоспарлау кезінде ықтимал тәуекелдерді ескеру ұсынылады. Ескертуге қарамастан, соңғы екі күн ішінде Қазақстаннан БАӘ-ге жолаушы толы ұшақ ұшып кетті.
Таяу Шығыс елдеріне саяхаттау кезінде барлық тәуекелді мұқият өлшеп, негізделген шешім қабылдауды сұраймыз. Қажет болған жағдайда қазақстандық туристердің елге оралуы «Туристик қамқор» қорымен және әуе компанияларымен бірлесіп қамтамасыз етіледі», — деп сендірді ол.
Еске сала кетейік, 15 маусымда Дубайда қалып қойған жүздеген қазақстандық елге жеткізілді.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты 13 маусымда Біріккен Араб Әмірліктерінен, атап айтқанда Дубай мен Абу-Дабиден бірнеше өңірге, оның ішінде Қазақстанға рейстер тоқтатылған болатын.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ