Бүгін Ақорда кулуарында Астана әкімі журналистерге автобус апаты салдарынан аяғынан айырылған қыздың отбасына әкімдік баспана беретінін айтты
Журналистер әкімнен зардап шеккен баланың отбасына, атап айтқанда анасына қандай көмек беріліп жатқанын сұрады.
«Ол жалғызбасты, көп балалы ана, оған әкімдік тарапынан қандай көмек көрсетілді? Желіде қызу талқыланып, жұрт сізге сын айтып жатыр. Неге оларға бармадыңыз, неге олардан ешкім кешірім сұрамады?» — деген сұрақ қойылды әкімге.
Бұған жауап ретінде Жеңіс Қасымбек баланың анасына елорда әкімдігінің қызметкерлері бірнеше рет барғанын айтты. Кеше өзі барған, бүгін түстен кейін орынбасары барады.
«Көмекке келетін болсақ, сақтандыру шамамен 20 млн теңге, әкімдік 10 млн теңге берді, тағы 10 млн қосымша беруді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй мәселесін де шешеміз. Бұл туралы қазір ресми түрде айтып жатырмыз — бұл отбасын баспанамен қамтамасыз етеміз», — деді әкім.
Естеріңізге сала кетейік, 2 маусымда Астанада жолаушылар автобусы бағанаға соғылып, салдарынан 10 шақты адамның зардап шеккенін, оның бірі ауыр халде екенін жазғанбыз.
Кейін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға 15 адамның жеткізілгенін, бір адамның аяғына ампутациясы жасалғанын мәлім етті. Кейінірек ауыр жараланған 8 жасар қыз бала екені белгілі болды.
Бұдан бөлек Астана әкімдігі автобус апатынан зардап шеккен қыз баланың отбасына қандай көмек көрсетілетінін хабарлаған.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ