Алматыда киберспорт бойынша ауқымды республикалық жарыстың финалы Almaty Cyber Games Media & Cup турнирі өтті. Еліміздің үздік командалары мен ойыншылары CS2, FC25 және Dota2 ойындарында жеңіске жету үшін тартысты күрес көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Турнирді Алматы қаласы әкімдігінің цифрландыру басқармасы, Студенттер арасындағы киберспорт бойынша ұлттық қауымдастық — NESA және iPlay Esports платформасы ұйымдастырды. Іс-шараның бас серіктесі Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры болды.
Турнир еліміздің жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін NNEF қоғамдық қорының University Alliance of Science and Technology ЖОО альянсының қолдауымен өтті. Альянс құрамына Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ), Astana IT University, Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ), Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті және Energo University кіреді.

Студенттер арасындағы киберспорт бойынша ұлттық қауымдастықтың президенті Рахматулло Сайдуллаев бұл жарыстың жай ғана турнир емес, одан да жоғары мәнге ие екенін атап өтті.
«2020 жылы Студенттік киберспорт бойынша ұлттық қауымдастықты құраған кезде, оны жастарды дамыту құралына айналдыруды мақсат еттік. Ал қазір бұл идеяның қалай жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған студенттер қатысып, кез келген заманауи кәсіпте сұранысқа ие командалық жұмысты, стратегиялық ойлау қабілетін, күйзеліске төзімділік пен цифрлық дағдылардың нақты тәжірибесін көрсетті. Еліміздің киберспорт саласын тек сырттай бақыламай, бұл бағытта трендттер жасап, чемпиондар өсіріп, кәсіби қоғамдастық құрып жатқанын мақтан тұтамыз. Бұл тек бастамасы. Алда жаңа формат, болашағы жарқын студенттер мен халықаралық жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін», — деді Рахматулло Сайдуллаев.

Алғашқы финалдық матчта Allinners пен 100PG командалары арасындағы ACG Cup турнирінің CS2 дисциплинасы бойынша жеңімпаздар анықтады. Командалар тартысты ойында стратегия, ресурстарды бөлу қабілетін, командалық тактиканы шебер түрде көрсетті. Нәтижесінде ойыншыларының көпшілігі Алматының намысын қорғаған 100PG командасы жеңіске жетті. Матчтан кейін команда ойыншысы Азиз Итахунов жеңіске жету үшін ойын қарқынын үнемі өзгертіп, қарсыластарының қателесуіне көп күш жұмсағанын айтты.
Ал турнирге қолдауға келген көрермендер тек бақылап қана қоймай, киборспорт әлеміне ене алды. Себебі олардың арасында да FC25 турнирі ұйымдастырылды. Виртуалды жарыстарды ұнататындар үшін Halyk қоры Формула пилотының орнында болып, бірнеше заманауи симулятордың мүмкіндіктерін сынап көруді ұсынды.

ACG Cup турниріндегі келесі бәсеке – FC25 футбол дисциплинасы болды. Мұнда жеңіске елорда ойыншысы Федор Зенин жетті. Кейін Counter-Strike 2 ойыны жалғасты. Бұл жолы тартысты матчта Tarakan мен Amomakeme командалары сынға түсті. Жеңіс Tarakan құрамасына бұйырды. Ойын тек виртуалды алаңда ғана емес, көрермендер арасында да қыза түсті. Жанкүйерлер үлкен экран арқылы әр раундты бақылап, үздік сәттерді ду қол шапалақпен тамашалады.
Турнирде Dota2 ойыны бойынша Ban Monkey мен Verny командаларының шешуші матчы қорытындылады. Бұл ойында Ban Monkey ойыншылары қарсыластың қамалын талқандап, өз қамалдарын қорғауда үздік нәтиже көрсетіп, екі матчта да айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Halyk қайырымдылық қорының директоры Сағынбек Шүнкеев киберспорт бағытын қолдау елдегі жастардың жаңа қабілетін дамытуға көмектесетінін алға тартты.
«Бұл – тәртіпті, жүйелілікті, командалық рухты, стратегиялық ойлау мен сыртқы өзгерістерге жылдам бейімделе білуді талап ететін сала. Бұл қасиеттер бүгінде әлемдік трендтердің қажет ететін басты талабы. Сондықтан Halyk қоры киберспортты дамыту аясында тек турнирлер өткізумен шектелмей, киберқауіпсіздік кабинеттерін жабдықтауды да жоспарлап отыр. Бұл бастама жастар арасында цифрлық біліктілікті насихаттауда маңызды қадам болмақ.
Halyk қоры әрдайым жастардың дамуына, жаңа технологиялар мен білім берудің жаңа формаларына бағытталған бастамаларды қолдайды. Ал киберспорт осы бағыттардың тоғысқан нүктесі. ACG секілді жобалар жаңа буынның өсіп, өз жолын табуына мүмкіндік береді деп сенеміз», — деді Сағынбек Шүнкеев.

Almaty Cyber Games Media & Cup 2025 – киберспорттың елімізде білім беру, мәдени және цифрлық ортада орнығып келе жатқанын көрсетті. Келесі қадам – турнирді халықаралық деңгейге шығару. Алда Орталық Азия елдерінен қатысушылар келетін жаңа формат Almaty Cyber Games International таныстырылады. Қазақстан енді жай ойынға қатысушы емес, аймақтық киберспорттың дамуына үлес қосушы.
Биыл Counter-Strike 2 турнирі беделді HLTV және Likepedia платформаларында танылып, халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғалар қатарына кірді. Сонымен қатар, алғаш рет қазақстандық команда Valve жаһандық рейтингте еліміз бойынша №1, ал Орталық Азия бойынша №2-орынға тұрақтады. Бұл рейтинг командалар мен ойыншылардың кәсіби деңгейге өтуінде маңызды рөл атқарады.

Турнирді қолдаған NNEF қоры альянсқа кіретін жоғары оқу орындарында цифрлық бастамаларды жүйелі түрде енгізіп, цифрлық білім мен киберспортты дамытуға арналған экожүйе қалыптастырып келеді. Университеттерде арнайы компьютерлік сыныптар ашылып, клубтар мен секциялар құрылып, тұрақты турнирлер ұйымдастырылуда. Қордың қолдауының арқасында студенттер заманауи ІТ-инфрақұрылымға қол жеткізді. Сонымен қатар, ұлттық және халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Тіпті үздік ойыншылар мен командаларға шәкіртақы мен гранттар түрінде қолдау көрсетіледі.
Дереккөз: Stan.kz