Биыл еліміздегі «SOS балалар ауылдары» маңызды оқиғаға толы. Әр өңірде ашылған «Балалар ауылының» бірқатарында айтулы дата. Соның бірі Қызылордадағы «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының 10 жылдығы. Бірер күн бұрын Қызылордада айтулы датаға орай екікүндік іс-шара ұйымдастырылды. Оның аясында Балалар ауылдары Үйлестіруші кеңесінің бесінші отырысы өтіп, осы аралықта өңірдегі «Балалар ауылының» атқарған істері мен жеткен жетістіктеріне қорытынды жасалып, қатысушылар балалар құқығын қорғау саласына қатысты алдағы жоспарды талқылады.
Айта кетейік, 2015 жылы ашылғаннан бері Қызылордадағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы 4 жастағы бүлдіршіннен бастап 18 жастағы жасөпірімдерді бір отбасына ұйытып, 150-ге жуық бала отбасы жылулығына, ана мейіріміне бөленіп өскен. Олардың ішінде 92 жасөспірім ер жетіп, 27 жас жоғары оқу орнын тәмамдап, әрқайсысы қоғамда өз орнын тапқан.
Соның бірі — Родин Лебедев, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының түлегі, қазір жергілікті БАҚ-та қызмет атқарып жүрген білікті маман. Әрине Балалар ауылының 10 жылдығына орай өткен іс-шара жайлы сюжет түсіруге Родионның өзінің келуі түсінікті де.
«Осы жылдар аралығында балалар ауылынан көптеген жас түлеп ұшты. Кейбірі отбасын құрса, енді бірі мансап құру жолында, ал енді бірі әскери қызметте. Ол жайында жақсы білемін, өйткені өзім де «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының түлегімін». — дейді Qyzylorda TV тілшісі.

Балалар ауылының әр қызметкері осы балалардың оған қамқор болар ана, тіреу болар бауыр бар екенін барынша сезініп өсуі үшін барын салған, әрі қарай да осы миссияны жалғастыра беретін мейірімді жандар. Ал балалар ауылының әр баласы үшін бұл – үлкен үй, үлкен отбасы.
Биыл Астанадағы «SOS балалар ауылы» да ерекше датаны атап өтіп жатыр. Осыдан 25 жыл бұрын елордада алғашқы «SOS балалар ауылы» ашылып, ата-ананың қамқорынсыз қалған балалардың ана мейіріміне бөленіп, отбасы құндылығын бойына сіңіріп өсуі жолындағы игі миссиясы басталған еді.
Қарап отырсақ, кезінде жоба аясында көпбалалы отбасының баласы атанған бүлдіршін мен жасөспірімдердің алды қазір кемі 30 жастан асқан. Мейірім мен қамқорлыққа бөленіп өскен балалар бүгінде қоғамға бір кірпіш болып қаланып отыр.
Астана қаласындағы «SOS балалар ауылында» ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан тәрбиеші-ана Жанар Рахимбаева әр баласының жетістігіне қуанып, әрқайсысының жақсы азамат болып, отбасын құрып өсіп-өніп, қоғамда өз орнын тапқанын мақтан тұтады.

«2000 жылдан бері мен шамамен 20 баланы тәрбиеледім. Қазір менің алты немерем бар. Балаларымның бірі жұмыс істеп жүр, бірі оқуда, бірі әскерден оралып, енді ғана жұмысқа орналасып жатыр. Әрқайсысы өмірдің әр түрлі салаларында еңбек етіп жүр.
Бүгінде менің тәрбиелеген балаларым — қоғамда өз орнын тапқан, табысты азаматтар. Әр баламды мақтан тұтамын», — дейді Жанар Рахимова.
Жанар Рахимбаеваның 20 баласының бірі Индира Астанадағы SOS балалар ауылына 5 жасында келген. Бойжеткеннің ашық-жарқын мінезінен-ақ Жанар анасының мейіріміне бөленіп өскені бірден байқалады. Ол бүгінде жоғары білім алып, өз саласында орнын тапқан білікті маман.

«Бес жасымда Балалар ауылына келген сәтім әлі есімде. Бұл – ерекше орын, бұл – менің үйім…. Мұндағы әр маман — балалар үшін жанын салатын жан. Сапалы білім алып, мүмкіндіктерге жол ашып, жетістікке жетуге ынталандырғаны үшін анама алғысым шексіз. Мұның барлығы анамның, басқа да мамандардың қажырлы еңбегінің жемісі. Үйге жиі келіп тұрамын, анама күнделікті қоңырау шаламын. Анам мен үшін – менің отбасым», — дейді Индира Сартаева.
Қазір Индира «SOS балалар ауылдарындағы» жасөспірімдерге қашанда бауырмалдылық танытып, қолдау мен кеңес беріп, барынша қолдау көрсетуді қолға алған. Бұл Индираға ғана емес, жалпы «SOS балалар ауылдарының» түлектеріне тән бауырмалдылық қасиет.
Балалар жетімдер үйінде емес, отбасында тәрбиеленуі керек
Айта кетейік, бұл игі іс елімізде 90-жылдардың басында бастау алғаны, балалардың жетімдер үйінде емес, отбасында тәрбие алуына жағдай жасайтын жүйе құру бастамасын Сара Алпысқызы көтергені көпке мәлім.
Жобаның тұжырымдамасы осы бағытта әлем мойындаған SOS Children’s Villages тәжірибесіне сүйеніп қаланды. Нәтижесінде 1993 жылы елімізде «SOS Балалар ауылдары Қазақстан» корпоративтік қоры құрылып, халықаралық қордың бір тармағы біздің елде жұмысын бастаған болатын.

Жобаның қарлығашы – Алматыдағы «SOS балалар ауылы» 1997 жылы ашылып, балаларды бауырына басқан бірнеше көпбалалы отбасы игі істі алғашқылардың бірі болып бастаған. Кейін тағы екі «SOS балалар ауылы» 2000 жылы Астанада, ал 2004 жылы Теміртау қаласында ашылып, балалардың көпбалалы отбасында тәрбие алуына жағдай жасалды.

Кейін Сара Алпысқызы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жетім балалар мен жасөспірімдердің құқығы мен мүддесіне қатысты қоғамдағы барлық қатынасты реттейтін заң әзірленіп, қабылдануына тікелей атсалысты.
Осы аралықта елімізде 11 мемлекеттік отбасылық үлгідегі балалар ауылы құрылып, олар SOS қоры тарапынан әдістемелік және практикалық қолдау алып отыр. Бүгінде «SOS балалар ауылы» мыңдаған баланы өсіріп шығарған үлкен қара шаңыраққа айналып отыр.
Игі істің жүйелі жалғасы ретінде жобаның бағыттары әлдеқайда кеңейген. «SOS балалар ауылының» түлектерін қолдайтын Алматы, Астана, Теміртау қалаларында «Жастар үйлері» ашылған. Бұл жобаларға «Халық» қайырымдылық қоры ұдайы қолдау көрсетуде.

2015 жылдан бастап SOS-ауылдар негізіндегі балаларды қабылдаушы Ата-аналар мектебі құрылып, 800-ден астам кандидат арнайы оқудан өтіп, ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды тәрбиелеудің және қолдаудың негізгі қағидалары жайлы мол ақпарат алуына мүмкіндік жасалып отыр. Бұл жоба 272 баланың жаңа отбасын тауып, ата-ана қамқорлығын сезініп өсуіне септігін тигізген.
Әр түрлі себептермен қиындыққа түскен отбасылар мен олардың балаларын қолдау бағыты қолға алынып, Балалар мен отбасын қолдау орталықтары құрылған. «SOS Балалар ауылдары» әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бағытында да көптеген жобаны жүзеге асыруда.
Осылайша, кезінде Сара Алпысқызының бастамасымен құрылған жоба жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жасөспірімдерді «SOS балалар ауылы» көпбалалы отбасылдардың үлкен шаңырағына айналып отыр.
Дереккөз: Nur.kz