Ср. Апр 30th, 2025

ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті Қаскелеңде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы кезінде аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады

Тергеу кезінде «Tоредо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары 2021-2023 жылдары құрылысқа рұқсатсыз – яғни лицензиясыз, қажетті құжаттарсыз және жобалық-сметалық құжаттамасыз – жұмыс істегені белгілі болды.

Соған қарамастан, олар «НOME», «НOME Южный», «НOME SAU», «НOME МAK» тұрғын үй кешендерін әлеуметтік желілерде белсенді түрде жарнамалаған.

«Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының міндетті кепілдігі болмағанына қарамастан, олар жарнама арқылы 100-ден астам азаматтан 972 миллион теңге жинаған», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілмей, белгіленген мерзімде аяқталмаған. Бұл жағдай үлескерлердің жаппай құқық қорғау органдарына жүгінуіне себеп болды.

«Сот санкциясымен күдіктілердің 240 миллион теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды. Олардың ішінде 12 жер телімі, 9 автокөлік, аяқталмаған үш қабатты ғимарат және жеке тұрғын үй бар», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда. Іс сотқа жіберілді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жарияланбайды.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS