Шымкентте мүғалімнен ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен блогер ұсталды
Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, қаладағы мектептердің бірінің өкілі полицияға арыз түсірген. Сол бойынша полиция департаментінің қызметкерлері ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікті азаматты ұстады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті өзінің танымалдылығын пайдаланып, жағымсыз ақпаратты жариялаймын деп қорқытып, 1,2 млн теңге талап еткен.
«Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция департаментінің өкілдері елге қандай да бір қысым көрсету, қорқыту және бопсалау әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Полицейлер азаматтарды мұндай жағдайда бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ