Сб. Ноя 23rd, 2024

Санитарлық дәрігерлер  мен ветеринарлар қаладағы барлық мал базарын бақылауға алды. 

Атыраудағы «Асыл агро» мал базарында өлген сиырдан Сібір жарасы анықталды. Ірі қара малдың Батыс Қазақстаннан әкелінгені белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мамандар өлекседен сынама алып, нәтижесінде Сібір жарасы анықталған. Енді мал базары карантинге жабылды. Қазір ондағы адамдар бақылауға алынып, мал соятын цехтар мен базарлар түгел тексеріліп жатыр. 

“Батыс Қазақтан облысы Жанқала ауданы Жаңақащан ауылынан келген. Келген малдың ішінен бір бас ауырып өлді. Сібір жарасы анықталғаны рас. Қорытындысы келді. 16-сы күні жіберілген болатын. Астанаға ғылыми зерттеу орталығына. «Асыл агро» базары жабылды”, – дейді АШМ Ветеринарияны бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облысы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нұркен Баяров.

Мамандар шаһардағы барлық мал базарын бақылауға алды. Малдарға екпе салынып қана қоймай, онымен байланыста болған адамдар да бақылауға алынды. Өйткені мамандардың сөзінше ауру малдан адамға жұғады.

“Ауру мал анықталған жерге барып, мал күтіміне араласқан, малды әкелген, қарым-қатынаста болған адамның барлығы анықталып, денсаулық сақтау ұйымдарына берілді. Аты-жөні мен бар мәліметі. 14 күнге бақылауға алынып. Жалпы бұл инфекция адамнан адамға жұқпайды. Малдан адамға жұғады”, – дейді Атырау облысы манитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратова.

Десе де адамдар арасынан Сібір жарасы әзірге анықталмады.


Дереккөз: Inbusiness.kz