Вт. Дек 3rd, 2024

Мектеп жасындағы жеткіншіктерді өз-өзіне қол жұмсаудан қалай сақтауға болады? 

Елімізде 15 мың зиянды сайттар мен сілтемелер бұғатталды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов өзінің Х (бұрынғы) Twitter желісінде мәлімдеп отыр.

Мұндай іс-шаралардың қолға алынуына Қазақстанда жасөспірімдердің жаппай өз-өзіне қол жұмсауының белең алуы себеп болуда. Бұған дейін жыл басынан бері Қазақстанда суицид жасауға итермелейтін 43 интернет-ресурстың анықталғаны хабарланған болатын.

Берік Асыловтың айтуынша, қиын тұрмыстық өмір сүру жағдайына тап болған отбасылармен де жұмыс жүргізіліп, мемлекеттік органдармен бірлесіп суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешені әзірленбек екен.

Еске сала кетсек, өткен айда Алматыда бір апта ішінде үш қыз суицид жасап, оның артынан екі ұлдың жоғары қабаттан құлап, өмірмен қош айтысқаны қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған еді. Балалар омбудсмені Динара Зәкиева 11-13 жастағы балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау санының артып отырғанын айтып, суицидтік көңіл-күйдің негізгі себептеріне жалғыздық, отбасындағы проблема, буллинг сынды мәселелерді алға тартты.

Бұған қоса, технология қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда оң-солын танып, ақыл-есі әбден қалыптасып болмаған жасөспірімдерне әлеуметтік желілердің де ықпалы орасан зор болып отырған жайы бар.

Обмудсменнің айтуынша, балалардың көңіл күйін жабырқатып, өмірден баз кешуіне интернеттегі насихат ойындарының рөлі ерекше. Осы жылдың өзінде суицидті және зорлық-зомбылықты насихаттаған ақпараттардың 22 және 157 факті тіркелгені анықталып отыр.

Шынында, статистикалық деректер соңғы жылдары 5-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау санының еселеп, яғни 17,8%-ға артып отырғанын алға тартуда.

Мәселен, өткен жылы қаңтар-қазан аралығында Қазақстанда суицидтің жалпы саны 3,4%-ға ұлғайса, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы өзін өлтіру көрсеткіші 30%-ға артқан.

Осылайша, 10 ай ішінде 170 жуық кәмелетке толмаған қазақстандық өмірмен қош айтысып, оның 27,8%-ын 5 пен 14 жас аралығындағы, 72,2%-ын 15 пен 17 жас аралығындағы балалар құраған. Сонымен қатар өзін өлтіруге әрекет жасаған жасөспірімдер қатары да 253-тен 298 оқиғаға дейін арта түскен. Әрине, бұл көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Бұл тіркелгендері ғана, ал тіркелмей, жасырын қалғандары қаншама…

Ал осы мектеп жасындағы жеткіншіктерді өз-өзіне қол жұмсаудан қалай сақтауға болады? Жасөспірімнің мінез-құлқында ата-ана қандай өзгерістерге көңіл бөліп, ескеруі керек?

Психологтар сөзіне құлақ түрсек, бала ренжігенде немесе қатты ашуланғанда тікелей немесе жанама түрде өлгісі келетінін немесе өзін өлтіргісі келетінін айтуы мүмкін. Көп жағдайда, егер адам бұл туралы айтса, онда ол мұны істемейді деген түсінік бар. Алайда, олай болмауы мүмкін.  Демек, баланың ішкі жан-дүниесінде, өмірінде бір проблема бар. Назардан тыс қалған үмітсіз жасөспірім өз ниетін соңына дейін жеткізуі мүмкін. Баланың өз өміріне және денсаулығына зиян келтіру ықтималдығы жоғары қауіпті мінез-құлық немесе мінез-құлықтың күрт өзгеруі сынды жайттар да ата-ана, ересектер назарынан тыс қалмауы керек.

Мысалы, немқұрайлық, өзіне жақын адамдармен сөйлескісі келмей, оқшалану, өзіне қымбат заттарды тарата бастауы, бұрын өзі сүйіп істеген заттарына қызығушылығын жоғалту, достарынан алыстау, жасөспірімнің ұзақ уақыт бойы депрессиялық көңіл-күйде болуы, ашуланшақтық, сондай-ақ, оған жақын ортада, айталық, беделді ересектер немесе құрдастар арасында суицид оқиғасының болу, тағы басқа жайттар жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауына алғышарт болуы мүмкін.

Мамандар ерекше назар аударуды қажет ететін бірнеше қауіпті жағдайларды ескертеді. Олар: жасөспірімдердің  өздері бедел тұтатын ересектермен дауласып, қатты жанжалдасуы, бақытсыз махаббат немесе романтикалық қарым-қатынастың үзілуі; құрдастарынан бас тартуы, қорқытып үркіту, бұл жағдайлар әлеуметтік желілерде де болуы мүмкін; объективті түрде қиын өмірлік жағдайға тап болуы, (мәселен жақын адамынан айырылуы, ауыр дертке ұшырау, қоғам тарапынан мазаққа айналуы); әлеуметтік табыстың жоғары маңыздылығы мен құндылығы аясында жасөспірімнің жеке сәтсіздігі (әсіресе отбасында), тұрақсыз отбасылық жағдай (ата-анасының ажырасуы, жанжалдар, зорлық-зомбылық жағдайлары), сондай-ақ, тұрғылықты жерінің өзгеруі нәтижесінде әлеуметтік ортасының күрт өзгеруі.

Осы тізілген қауіпті жайттар байқалса, ата-аналар қандай қадамдар жасауы керек дегенге психолог мамандар келесі кеңестерді береді.

– Егер сіз жоғарыда аталған белгілердің кем дегенде біреуін көрген болсаңыз – бұл жасөспірімге назар аударуға және онымен сөйлесуге жеткілікті себеп. Сіз балаңыздан оған қалай көмектесе аласыз және оның көзқарасы бойынша туындаған мәселені қалай жақсартуға болатынын сұраңыз. Тіпті, ұл-қызыңыз сізден көмек алудан бас тартқан жағдайда да, оған әдеттегіден көбірек көңіл бөліп, жағдайды елеусіз қалдырмаңыз. Өзіңіз немесе балаңызбен бірге маман көмегіне жүгініңіз, – деген ой айтады мамандар.

Психолог мамандардың сөзінен түйгеніміз, суицид әрекетін болдырмаудың төте жолы – бұл ата-ана мен бала арасындағы байланысты сақтап қалу, жасөспірімнің ержетіп келе жатқанына қарамастан онымен үнемі әңгімелесіп, жылы қарым-қатынаста болу екен. Яғни баламен сөйлесе отырып, оның өмірі туралы, оған маңызды және қызықты дүниелерге түсіністікпен қарап, құрмет білдіру. Үйге кіре салып, баланың дұрыс істемеген нәрсесіне бірден ашуланып, айқайламай, онымен сабырлы кейіпте сөйлесу маңызды факторлар қатарынан болып отыр. Осы ретте, психолог мамандар жасөспірімдерді авторитарлық тәсілмен тәрбиелеу тиімсіз, тіпті қауіпті екенін айтады.

Шамадан тыс тыйым салу, еркіндікті шектеу, жаза қолдана беру жасөспірімде жауап агрессиясын немесе аутоагрессияны тудыруы мүмкін. Сондықтан баланы жасөспірім кезінде тәрбиелеудің ең қолайлы түрі келісімге келу болмақ. Сонымен қатар баламен өмірдегі және болашақтағы перспективалар туралы сөйлесіп, балаңыздың не қалайтынын, мақсатқа қалай жетуге ниетті екенін білу, оған нақты іс-қимыл жоспарын құруға көмектесу ата-анамен бала арасындағы байланысты нығайтып, екі тарап жағынан сенімді күшейте түседі.

Балаға жеңіліс тәжірибесі де, жетістікке жету тәжірибесі де маңызды екенін түсіндіру де шарт.  Өмір тек жеңістен ғана емес жеңілістен де тұратынын, табысқа жету әдеті кейде адамның еріксіз сәтсіздіктерді бастан кешіруіне әкелетінін түсіндіре білген де абзал. Махаббат пен қамқорлық баланың өмір сүруге деген сенімін арттырып, өзінің ата-ана үшін ең маңызды жан екенін сезінуге мүмкіндік береді.

Кейде ата-аналар балаларымен байланыстарын үзіп алып, қарым-қатынастарын қалыпқа келтіре алмай жатады. Мұндай жағдайда мамандар психолог маман көмегіне жүгініп, отбасында балаңызбен қарым-қатынаста жылулық, сенім мен тыныштықты қалпына келтіруге көмектесетін қажетті дағдыларды игеруге кеңес береді.

Яғни бұл отбасылық қарым-қатынас, ата-ана тәрбиесіне қатысты пайдалы ақпараттар легі. Ал балалар омбудсмені Динара Зәкиева, суицидтік көңіл-күйді, қорқыту-үркіту және зорлық-зомбылықты уақытылы анықтаудың негізгі бағыттарының бірін осы жазда жаңа заңға сәйкес ашылған психологиялық қолдау орталықтарының жұмысымен байланыстырып отыр. 

«Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткендей, мектеп психологтары нашар психоэмоционалды жағдайдың айқын белгілері бар балаларды анықтай алмайды, тіпті анықтаған күннің өзінде олармен қалай жұмыс істеу керектігін білмейді немесе бұл ақпаратты елемейді. Сондықтан орталықтар мектеп психологтарымен тығыз жұмыс істеп, оларды оқытып және әдістемелік қолдау көрсететін болады», – дей келе ол сондай-ақ, мектеп психологтарының жетіспеушілігін және жергілікті жерлердегі психологиялық көмек орталықтарының жұмысына көңілі толмайтынын да білдірді.

Оның айтуынша, қаңтар айынан бастап барлық мектептерде 500 балаға 1 психолог болуы керек, ал қазір шын мәнінде 1500 балаға 1 психологтан келіп отыр екен.


Дереккөз: inbusiness.kz