Сб. Ноя 23rd, 2024

Игілікті іске үлес қосқан тұрғындар акцияның алдағы жылдары да жалғасқанын қалайды. 

Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1000-ға жуық терек ағашы отырғызылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Акция Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесінен «Ұлы дала» шағынауданына өтетін жолдың бойында ұйымдастырылды.

Игілікті іске облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық экология департаменті, мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы, жастар, жеке кәсіпкерлер және ардагерлер белсене қатысты.

«Таза Қазақстан» акциясы қаламыздың, аймақтардың ажарын ашып, көркін кіргізуде. Акция қолға алынғалы бері де қыруар жұмыс атқарылды. Қаланың қоқыстары тазаланып, ескерткіштердің аумағы абаттандырылып, тал-дарақтар егілуде. Зейнеткер болғаныма қарамастан әрдайым акцияға белсенді қатысып жүрмін. Мені қуантатыны, жастарымыздың тазалық мәдениеті күн санап артып келеді. Қазір қала көшелерінен де бей-берекет шашылып жатқан қоқысқы байқамайсыз. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы биылғы жылмен тоқтап қалмай, алдағы жылдары да жалғаса беруі тиіс деп ойлаймын», — дейді Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Ұлбала Серімбетова. 

Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы акцияға қатысқан азаматтарға алғысын білдіріп, тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болатынын айтты. Сондай-ақ қаламыздың тазалығына әрбір тұрғын жауапты екенін жеткізіп, Тараз қаласы әкімдігіне абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізуді міндеттеді.

Экологиялық акция аясында тазалық жұмыстары аудандарда да қарқынды жалғасуда.


Дереккөз: inbusiness.kz