Пт. Сен 20th, 2024

Өмірді сақтандыру қызметтері кері шегінді, көлікті сақтандыру қарқын алды. 

Сарапшылар Қазақстандағы қауіпті трендті тіркеді: өмірді сақтандыру компанияларының тиімділігі құлдырады және өмірін сақтандырғандарға төлейтін төлемінің көлемі артты. Бұл республикада жазатайым оқиғалардың саны өсіп, шетінен «сақтандыру жағдайы» туындап жатқанын білдіреді.

Finprom мониторинг агенттігінің сарапшылары елде бұрын қарқынды өскен өмірді сақтандыру секторының енді позицияларын жоғалтып, кері шегініп жатқанына назар аудартты. Салдарынан, бұл нарықтағы сыйақылар үлесі соңғы 4 жылдағы ең төмен деңгейлерге дейін құлаған екен. Мұндай құлдырау тіпті пандемия кезінде де болмаған көрінеді.

«Өмірді сақтандырушылардың сыйақыларының азайғанына несіне бас қатырамыз?» деп қол сілтей салуға болар еді. Бірақ бизнес рентабельді болса ғана дамиды. Құлдырай берсе, өмірді сақтандыру секторы тоқырауы мүмкін. Онсыз ипотека беру нарығы да дағдарады. Қауіптісі, қауіпсіздеуі бар, кез келген өндіріс пен кәсіптегі еңбеккерлерді қорғау ісі нашарлайды.

«Биылғы қаңтар-шілде айларында ғана 17,8 миллиард теңге сақтандыру төлемдері төленген. Олардың көлемі былтырғы ұқсас кезеңдегіден бірден 42% ұлғайды. Бұл тек биылғы үрдіс емес, кейінгі кезде қалыптасқан жағдай. Мысалы, 2022 жылы алдыңғы жылға қарағанда төлемдер көлемі 2,6 есеге, 2023 жылы – тағы 2,2 есеге өскен еді. Салдарынан, өмірді сақтандыру нарығында сыйақыларға қарағанда төлемдердің қатысы бір жыл ішінде – 2023 жылғы қаңтар-шілдедегі 11%-дан 2024 жылғы қаңтар-шілдеде 13%-ға дейін асып түсті», – деп хабарлады агенттік сарапшылары Ұлттық банктің деректеріне сілтеме жасап.

Салыстырсақ, алдыңғы 2022 жылы бұл арақатыс небары 5,6% болған.

Өмірді сақтандыру жөніндегі экс-агент Сергей Захаров еліміздегі сақтандыру компаниясында біраз жыл жұмыс істеген екен.

«Бұрындары бұл нарық «майлы» болатын. Миллиондаған теңге бонус, сыйақылар берілетін. Ол заман артта қалғандай. Бүгінде бұл жұмысқа кім көрінгенді алатын болды. «Хед хантерде» бұл жұмысқа кез келген консультант, даяшы-официант, сату жөніндегі менеджер, босағада отыратын офис-менеджер жарай береді деп жазып қойыпты. Не масқара? Өмірді сақтандыру агенті болу үшін адамның іші-бауырына кіріп, баурап алатын коммуникативтік машық аздық етеді. Тәуекелді болжап, басқару керек. Клиенттерге не қажет екенін айыра білген жөн. Сақтандыру қағидаттарын және түрлі сақтандыру өнімдерін терең түсіну керек. Ертең адамның өмірі соған да байланысты болады ғой. Мұндай дағды-машықтар тәжірибемен келеді. Біздің компанияның өзі мысалы, студенттерді, тіпті сақал қыратын барберді алды. Өйткені жалақы еселеп төмендеді, енді орта есеппен 300 мың теңгедей ғана. Содан білікті мамандар басқа салаға кетті», – дейді Сергей.

Оның өзі саладан кетіп, көлік-логистика саласындағы бағалаушы-менеджер болып орналасыпты. Айлығы шамамен миллион теңгедей.

Сарапшылардың ойы бір арнада тоқайласады: өмірді сақтандырушы компаниялардың тиімділігі кем дегенде соңғы 2 жылда елеулі түрде төмендеп кетті. Бұдан бұрын, 2018–2021 жылдары осы көрсеткіш 2,3–4,8% аралығында құбылатын. Сыйақыға қарағанда төлемдердің серпінді өсуі компанияларды шығынға отырғызды.

Бұл сондай-ақ өмірді сақтандыру нарығында тәуекелдерді басқарудың тиімділігінің төмендегенін де білдіреді. Мұның бір себебі – саладан білікті кадрлардың өзге салаларға кетуімен байланысты.

Кейінгі уақытта Қазақстанда жылда әлдебір нәубет-апат болатынды шығарды: індеттер, өрт және басқа табиғи апаттар, соның ішінде облыстардың басым көпшілігіне залал келтірген су тасқыны қазақстандықтарды сақтандыруға жүгінуге итермелесе керек еді. Олай болмады: мысалы, 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында өмірді ерікті түрде сақтандыру бойынша сыйақылар түсімінің үлесі небары 14,8% болды. Бұл соңғы 4 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Салыстырғанда, 2022 жылдың ұқсас кезеңінде оның үлесі – 19,7%-ға, 2023 жылы – 16,6%-ға дейін жететін.

Allianz Group мәліметінше, Қазақстаннан айырмашылығы сол, әлемде керісінше, өмірді сақтандыру бойынша сақтандыру сыйақыларының үлесі өзге сақтандыруларға қарағанда басым болып келеді. 2023 жылы бүкіл әлем бойынша өмірді сақтандырушылар 2,6 триллион еуро жинаған. Осылайша, сақтандыру нарығындағы барлық премияның 42,3%-ы осы бір ғана сегментке тиесілі болды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сыйақыларының көлемі 8,4% өсті.

Келесі онжылдықта жыл сайын орта есеппен 5,5%-дап қарқынды өседі деп күтілуде. Бұл секторда сыйақылардың жаһандық пулы 5 триллион еуроға дейін жетпек. Allianz Group сарапшылары бұл өсімде көшбасшылық орындар Азия елдеріне тиесілі болады деп болжады. Алайда бұл думаннан Қазақстан нарығы тыс қалады.

Захаров Қазақстанның неге кері кете бастағанын нақты білу үшін салада зерттеу, ең құрыса, халық пен эксперттер арасында кең ауқымды сауалнама жүргізу керектігін айтады. Оның өзінің байламынша, бұған бірінші кезекте қазақстандықтардың тұрмысының, әл-ауқатының төмендеуі себепкер. Азаматтар сақтандырушыларға ерікті түрде сыйақы төлемек түгіл, қымбатшылық жайлаған заманда отбасылық бюджетінің әр тиынын санауға мәжбүр. Өмірді сақтандырушылар негізінен ипотека, кредит алушылар есебінен ауқат жияды.

Бүгінде өмірді сақтандырудың отандық нарығында 9 компания ғана қалды. Соның ішінде биыл жиналған барлық сыйақының 95,1%-ын небары 4 компания еншіледі.

Жалпы алғанда, өзге сегменттерінің, мысалы көлікті сақтандыру секторының өсуі арқасында сала биыл елеулі өсімге қол жеткізді.

«Ұлттық банктің дерегінше, тек 2024 жылғы шілдеде ғана сақтандырушылар 168 миллиард теңге жинады. Бұл тарихи максимум саналады. Менің тәжірибемде, бұл – 2008 жылдан бергі көлемі жөнінен ең ірі сауда. Сондай-ақ өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 40% жоғары. Сақтандыру бойынша қолданыстағы келісімшарттардың саны 9 миллион 800 мыңға жетіп қалды. Ол жыл басынан бері 13%-ға көбейді», – деді журналистерге Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.

Эксперт бұл өсімді КАСКО ерікті сақтандыру полистерін сату көлемінің өсуімен де байланыстырады. Автомобильдерді ерікті сақтандыру бойынша сыйақы сомасы 114%-ға ұлғайып, 120 миллиард теңгеге жетті. Салыстырсақ, 2023 жыл қорытындысында бұл нарық 96,8 млрд теңге ғана болатын. 2020 жылы 81 млрд теңгені құрады. Ендеше қарқынды өсім биыл тіркеліп отыр.

Сондай-ақ биылғы 7 айда зейнетақылық аннуитет келісімшарттары 200% артқан: 192 миллиард теңгеге келісімшарт жасалды.

Мүлікті сақтандыру 11% өсті. Сыйақы жинау бойынша сақтандырудың бұл түрі екінші орынға шықты: 162 миллиард теңге түскен.

Сарапшы қазақстандық нарықтағы жаңа үрдіс ретінде – сақтандыру пулдарын құруды атады. Оларды құруға Үкіметтің өзі бастамашы болды.

«Таяуда медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі пул іске қосылады. Сондай-ақ түрлі табиғи апаттардан сақтандырудың саналуан схемалары талқылануда. Бұл бастамалар қаржылық шығындарды сақтандыруға жатады. Мұндай сақтандыру тетіктері толыққанды жұмыс істеуі үшін ақша жинаудың алгоритмін түсіну, сондай-ақ бұл қорлардың әрқайсысының ең төменгі көлемін бағалау керек. Оған мемлекеттің қатысу үлесі қандай болатыны да маңызды. Тек сонда ғана бұл механизмдер сақтандырудың шынайы құралы ретінде жұмыс істей алады», – деп қорытты Азамат Керімбаев.


Дереккөз: inbusiness.kz