Вт. Дек 3rd, 2024

«Халық» қоры елордада баспанаға мұқтаж жандарға пәтер сыйлады, деп хабарлайды 24kz.

«Compass North» тұрғын үй кешенінен Астана әкімдігіне 400 жаңа пәтер берді. Бұл жоба әкімдікпен арнайы жасалған келісім аясында жүзеге асқан. Пәтерлердің алғашқы легі өткен жылы табыс етілген. Ал қалған баспананы бас қаланың әкімдігі таратады.

Жаңа пәтердің кілтіне ие болғандардың бірі – Жандос Тұрашев. Жол сақшысы болып қызмет ететін ол бұған дейін баспаналы болу арманға айналғанын айтады. Елордада 8 жылдай пәтер жалдап, отбасымен біраз әбігерге түскен. Бүгін отбасымен ерекше қуанышқа кенелді. «Енді қоныс тойын тойлайтын да кез келді», — дейді ол.

Жандос Тұрашев, қала тұрғыны:

— Оны естіген кезде басында сенбей қалдым. 7-8 жылда пәтер жалдап тұрдық. Қуанышымызға ортақ болып үй берілді. Қуанып, рахмет айтамыз.

«Compass North» тұрғын үй кешені «Нұрлы жол» вокзалының ауданында орналасқан. Ғимарат 11 қабатты. Үй-жайлардың жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Ал құрылыс құны 7 миллиард теңгеге жуық. Пәтерлердің іші әрленген. Яғни, бірден қоныстануға толық дайын.

Сағынбек Шүңкеев, «Халық» қайырымдылық қорының басшысы:

— Атырауда болған су тасқынында біз 31,5 млрд теңгеге көмек көрсеткен болатынбыз. Оның ішінде Құлсарыдағы мыңға жуық адамға баспанасын қалпына келтірдік. 

«Халық» қоры 2016 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде мұқтаж жандарды қолдау мақсатында 120-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Оларға 85 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Авторы: Айнұр Қуатқызы


Дереккөз: 24.kz