Мамандар ойынқұмарлықтан айығу өте қиын деген пікірде.
Жуырда Мемлекет басшысы ойын бизнесі мәселелеріне қатысты жаңа заңға қол қойды. Оған сәйкес енді мемлекеттік қызметшілер құмар ойын ойнай алмайды. Лудомандарды медициналық оңалтудан өткізу тәртібі белгіленді. Жалпы ойын автоматтарынан басталған қызығушылық соңы тәуелділікке ұласуы мүмкін. Бәрі де азын-аулақ тиын-тебен салудан, байқап көруден басталады. Кейін адам құмар ойын жетегіне қалай еріп кеткенін байқамай қалады. Осылайша тәуелділік тығырыққа тірейді, адам қарыз қыспағында қалады. Жаңа заң елдегі ойынқұмарларды тоқтата ала ма? Елімізде лудомандардың саны азаюы мүмкін бе? Осы сұрақтардың жауабын психолог Лимана Қойшиевадан анықтап білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
— Ең әуелі лудоманияның себептерінен бастасақ. Адамдар құмар ойынға қалай келеді? Ойынқұмарлық неге проблемаға айналып отыр?
Адамның ішкі жан күйзелісі бірден біліне бермейді. Стресс жағдайда жүруі, жалғыз қалуы, жақынын жоғалтуы, жұмыссыздық не болмаса қарызға кіріп кетуі, қысымға ұшырауы мүмкін. Адамдар тығырыққа тірелген кезде тез арада табыс табудың жолын іздейді. Несие алады, одан кейін қарызға кіріп кетеді, оның пайызы өседі. Бастапқы кезде тапқан айлығының өзі қарыз сомасының аз ғана бөлігін беруге жетеді де, адам басқа жол іздей бастайды. Сол кезде тез арада баюдың жолы бәс тігу деп ойлайды, лоторея ойнап көреді. Мысалы, 5 мың теңге салып, 10 мың теңге ұтуы, кейде сол салған ақшасын қайтып алуы да мүмкін. Жүрегінде «мен мүмкін миллион тауып қалармын» деген үміт болады. Одан кейін футболға немесе қосымша тағы бір ойындарға ставка қоя бастайды. «Ақшаңызды жақсы айналдырып бере аламын» деген арнайы хабарламалар болады. Қазір «ставканы кім ұтатынын айтып беремін» деп айтатын эксперт өте көп. Олар да лудомандардың санын көбейтіп жатыр деп айтуға болады..
— Бәс тігуге қандай адамдар бейім? Олардың психологиялық портретіне тоқталсаңыз. Себебі құмар ойынды ересектер де, балалар да ойнайды.
Ең бірінші кезекте саналы түрде өзі ойланбайтын, істеген ісіне жауап бере алмайтын, түңіліп, шаршап жүрген адам болуы мүмкін. Лудомания тәуелділіктің түрі болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны айықпайтын, нашақорлықпен бірдей дерт деп қарастырады. Ерік-жігері әлсіз адам егер бір тәуелділікке ұшыраған болса, оның әр түріне ауыса береді екен. Мысалы, ішкілікке салынып кеткен адам ойынқұмарлыққа кірсе, ішкілігін қойып кетуі мүмкін. Яғни бір тәуелділіктен екіншіге ауысу деп айтуға болады. Келесі бір кезең – психикалық бұзылыстар.
— Құмар ойынды тек ақшасы барлар ғана ойнай ма?
Жағдайы жоқ жұмыссыздардан бастап қалталылар да, қызметте жүргендер де, шенеуніктер де ойнауы мүмкін. Сондықтан да табысы жоғары не төмен деп бөлінбейді. Тезірек табыс тапсам екен деген оймен ойынқұмарлыққа кіріп жатқанның барлығын есін жоғалтқан лудомандар деп айтпаймыз, бірақ кәсіби ойынқұмарлар болуы да мүмкін. Оқушылар 100-500 теңге салатын болса, студенттер – 2-3 мың теңге, ал қызметтегілер 10 мың теңгеден бастап, жағдайы жақсылар 100 мың теңгеден қоюы мүмкін деп кете береді.
— Халық арасында ойынқұмарлық емделмейді деген түсінік кездеседі. Бұл қаншалықты рас? Себебі бүгінде түрлі медициналық орталықтар бар. Емдеуден өткен экс-лудомандар бұрынғы өмір салтына оралмайды деп сеніммен айта аламыз ба?
ДДСҰ лудоманияны емделмейтін ауру деп айтқан. Десек те, бәрі адамның өзіне байланысты. Имандылыққа келу, діни жолдар арқылы нашақорлықтан да, ойынқұмарлықтан да шығып жатқандар бар. Екінші жолы – психоневрологиялық диспансерде арнайы емделіп, сонда 3 айдан 6 айға дейін болу, адам дұрыс ұйқы, қолөнер, сурет салу арқылы өзін-өзі алып шығуына болады. Өкінішке қарай, лудоманиядан айығу өте қиын.
— Лудоманияның салдары қандай? Отбасының шайқалуы, депрессиядан бөлек қандай қиындықтарға әкеп соғады? Ойынқұмардың жақындары оларға тығырықтан шығуға қалай көмектесе алады?
Лудомандар – өте жақсы манипуляторлар, адамды сендіре алады, бәс тігер кезде өзінің ұтатынына да сенеді. Ойынқұмардың отбасы қарызын жауып беріп, оған сеніп жатады. Менің тәжірибемде лудоманияда 7 жылдық тәжірибесі бар орта жастағы адам және оның досы болды. Олар жұмыс істейді, бірақ банк картасын әйеліне береді. Тіпті жұмыс орнына барып, айлығы басқа есепшотқа түсіп отыруы туралы арнайы өтініш жазады. Жалақысы әйелінің немесе балаларының шотына тікелей түсіп тұрады. Бірақ өзінің ойынға салатын аз-маз ақшасы қосымша табысынан түседі, мысалы, көлік жөндеу сияқты жұмыстардан. Олар сол табыспен ойнап отырамыз, өйткені біз одан шыға алмаймыз дейді. Ойынқұмарлардың көзінің нұры сөніп қалғандай, нашақорлардың түрі тәрізді болады.
— Жақында Мемлекет басшысы лудоманиямен күресуге бағытталған жаңа заңға қол қойды. Ойынқұмарлардың саны азаюы мүмкін бе?
Мені де осы сұрақ ойландырады. Қазір бізде заң қолданысқа енгелі жатыр. Лудоманиямен ауырған адамдар енді қайтеді? Шара қолданылған жағдайда не істейді? Өйткені олар бәрібір қоя алмайды ғой. Ойынқұмарлықты жасамаса да, ақша тікпей, мүмкін өзінің ойынын әрі қарай үйде отырып та жалғастыра ма немесе оның орнына басқамен алмастыра ма? Мысалы, спортпен кәсіби айналысу, фитнеске бару, рухани жан дүниесін толтыру арқылы емделіп шығады деп ойлаймын.
Дереккөз: inbusiness.kz