Пт. Ноя 22nd, 2024

19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы жасөспірімдер олимпиадасы Қазақстан тарихындағы ең сәтті қысқы жасөспірімдер олимпиадасы болды. Медальдардан бөлек, биылғы ойындар жанкүйерлер мен жас спортшыларға ұмытылмас әсер сыйлады.  

Биылғы жылы Қазақстан атынан қатысқан спортшылар саны рекордтық мәнге — 41-ге жетті, олар бес спорт түрі бойынша тоғыз дисциплинаға қатысты. Спортшылар мен жаттықтырушылар inbusiness.kz тілшісіне Канвон-2024 ойындарынан алған әсерлерімен бөлісті.

Ерасыл Шыңғысхан, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:

«Дүйім жұртшылықтың алдында Қазақстанның туын көкке көтеру — мен үшін үлкен мәртебе. Жартылай финалға шығу да жетістік деп санаймын. Мен жақсы тәжірибе алдым деп ойлаймын, өйткені бұл менің халықаралық деңгейдегі алғашқы белесім. Мен өте бақыттымын».

Полина Омелчук, шорт-трек бойынша 2024 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері:

«Олимпиададан алған әсерім күшті, бәрі өте керемет болды: аз да болса жаттығу процесі, кейін жарыстар, жарыс атмосферасы, тіпті олимпиадалық ауыл да керемет болды, маған бәрі ұнады. Эмоцияға толы күй кештім, бұл менің А финалындағы әлемдік аренадағы алғашқы тәжірибем. Осы межеге жету үшін біраз дайындалып, тер төктім. Трибунаға қараған сайын «Бұған шынымен мен жеттім бе?» өзіме өзім сене алмадым. Мен спорт министрлігіне және Ұлттық Олимпиада комитетіне барлық жағдай жасағаны үшін алғыс айтамын. Енді мен Голландиядағы жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогына, содан кейін Польшадағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына дайындаламын. Кубокта мен 1500 м қашықтықта өнер көрсетемін, ал әлем чемпионатында барлық қашықтықтар мен эстафеталар болуы мүмкін. Мен барлық қашықтықты жақсы жүгіру үшін талмай жаттығамын».

Мейіржан Төлеген, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:

«Кез-келген спортшының арманы — Олимпиада ойындарында алтын алу, еліміздің Әнұранын үлкен аренада шырқату. Мен де осы арманымды жүзеге асыруға тырысамын, отбасым, ата-анам, елім мені мақтан тұтады. Бізге барлық жағдай жасалғаны да көңілге медеу. Ұлттық Олимпиада комитеті мен спорт министрлігі бізге көп көмектесті, демеушілік жасады. Олар тіпті бізге қонақүйге келіп, қалай орналасқанымызды, қалай тамақтанып жүргенімізді сұрады. Қамқорлықтарына ризамыз».

Анастасия Астраханцева, шорт-тректен қазақстандық спортшы:

«Бұл — менің алғашқы Олимпиадам. Мен үшін өте үлкен әлемдік бастама. Жалпы жақсы өнер көрсеттім, бірақ одан да мықтырақ нәтиже көрсетуге болар еді, сондықтан әрі қарай дайындықты күшейтеміз. Қарсыластарымыз бәсекелес бола алатын, өсуге талпындыратын мықты спортшылар болды, бірақ біз де олардан кем түспейміз. Себебі ол үшін Қазақстанда да, Кореяда да барлық жағдай жасалған. Біз Астанада жаттығып, ойындарға қатысу үшін Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және олимпиадалық даярлау орталығы қолдау көрсетті, яғни көмекке зәру болған жоқпыз».

Ардақ Төлендин, олимпиадалық дайындық орталығының директоры:

«Менің ойымша, біздің команда жақсы өнер көрсетті. Біз жеңіп алған – алтын және екі қола медальдардан басқа, біздің спортшылар осындай ірі жарыстарда өнер көрсетуде үлкен тәжірибе алды. Медальдардан басқа, бізде тау шаңғысы спортында 5-ші, конькимен жүгіру спортында 6 және 8 орындарға ие болдық. Сондықтан, бұл жарыстар Қазақстан үшін сәтті өтті деп санаймын. Ойындар барысында бізде ҰОК, спорт министрлігінің қызметкерлері кіретін жедел штаб жасақталды. Дәл осы адамдар барлық жұмысты: спортшылардың келуі, шығу, жарыстарда өнер көрсетуін ұйымдастырды. Медициналық персонал, массаж жасаушылар командасы, сервисмендер спортшыларды толық қамтамасыз етті, яғни бұл біздің делегацияның үлкен командалық жұмысы, олар спортшылардың сәтті өнер көрсетуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады».

Виолетта Митропольская, шаңғы жарысынан қазақстандық спортшы:

«Алған әсерім күшті. Маған бұл ойындарға қатысу ұнады, әсіресе, Кореядағы күндерім қатты ұнады, ұйымдастыру жоғары деңгейде болды. Ең бастысы, Қазақстан бізді қолдады, жанкүйерлеріміз бізге күш-жігер сыйлады, бұл үшін баршаңызға рахмет. Әсіресе, біздің тарапымыздан ұйымдастырушыларға мың алғыс, олар бізді қатты қолдады. Жеке өзім ешнәрсеге алаңдамадым және тек бәсекелестік туралы ойладым. Біздің спортшылар үшін қажеттінің барлығы жасалды. Мемлекет пен демеушілерге бізге қаражат жинап, бәрін ұйымдастырғаны және көрсеткен көмегі үшін, барлық қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін  рақмет».

Милана Мамедова, шаңғы жарысынан қазақстандық спортшы:

«Мен Кореяға баруды көптен бері армандадым, сондықтан мен сонда болғаныма өте қуаныштымын. Бәрі керемет болды, өйткені ұйымдастырушылар – біздікі де, Корей жағы да – барлық жағдайды жасады. Әрине, қарсыластар өте күшті болды, бірақ біз олармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынымызды дөп айта аламын. Біздің Қазақстанда деңгейімізді одан да жоғары ету үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан Олимпиада комитетіне, Спорт министрлігіне алғыс айтқым келеді. Барлығына рақмет».

Әубәкір Тотанов, шаңғы жарысынан қазақстандық спортшы:

«Әрине, қарсыластар өте күшті болды, бірақ біз нәтижеге жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Қайда талпыну керек екенін, қалай жұиыс істеу керектігін ұғындық. Спортта ұсақ-түйек нәрсе жоқ. Дегенмен ойындар достық пен түсіністікке толы көңіл-күйде өтті, ешқандай дұшпандық ниет болған жоқ, біз украиндармен жақсы сөйлестік, итальяндықтармен, поляктармен әзілдестік, жалпы алғанда бәрі өте тату болды. Жалпы, ұйымдастыру өз деңгейінде болды. Ұлттық Олимпиада комитетіне рақмет, өйткені бізде күн сайын трекке мініп, қарқынды дайындалу мүмкіндігі болды, бірақ бұл оңай болған жоқ. Енді ұлттық құрамаға кіру үшін республикалық жарыстарға дайындаламыз».

Данабек Хаиров, шорт-тректен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы:

«Біздің жастар өте мықты, жақсы дайындықпен келді. Қарсыластар өте күшті, бірақ біз қоланы жеңіп алдық және біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, жаңа жоспарлармен жаңа биіктерге жетеміз. Менің ойымша, біз осы спорт түріндегі ең мықты державалардың біріміз. Бізді ҰОК және Туризм және спорт министрлігі, олимпиадалық дайындық орталығы, спортты дамыту дирекциясы мен біздің бейінді федерациямыз қолдап келеді. Сондықтан біз спортшыларымызға дайындық кезінде сұрағанның бәрі жасалғанын айта аламын. Бұл қуантады. Жаттыға-жаттығы алда одан да биік белестерге жетеміз деп ойлаймын».


Дереккөз: Inbusiness.kz