Пн. Ноя 25th, 2024

Сұйытылған газ бағасы «ҚазМұнайГаз» мемлекеттік компаниясының осы сектордағы басымдығы мен мемлекеттік бақылауға қарамастан өсіп жатыр.

Сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасын ҚР Энергетика министрлігі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бекітті. Бағалар әзірге өзгеріссіз қалды.
 
Бірақ жақын арада сұйытылған газ қымбаттайды. Бұл туралы 2023 жылдың қараша айының басында ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

«Қазір Қазақстан бойынша газ бағасы 50-80 теңге аралығында, ал оның өзіндік құны кемінде 110 теңгені құрайтынын ескеру керек. Біз бағаны бірден сол деңгейге дейін көтермейміз, кезең-кезеңімен қымбаттататын боламыз», — деді министр.

2023 жылдың сәуір айында Алмасадам Сәтқалиев 1 литр сұйытылған газдың құны 70 теңгеден асатынын атап өтіп, СМГ (сұйытылған мұнай газы) өндірісінің шығынға батқанын растады. Яғни, алты айда оның өзіндік құны 40%-ға өскені белгілі болды.
 
Сондай-ақ, Энергетика министрлігінің басшысы бүгінде «ҚазМұнайГаз» газ өңдеу зауытының құрылысына инвестиция салып жатқанын және мұның бәрі «өнімнің түпкілікті бағасына да әсер ететінін» атап өтті. Жалпы, сұйытылған мұнай газы ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен жеткізілетіндіктен, өндірушілер өнімді ішкі нарыққа жеткізуге аса құлшынбайды.

Сұйытылған газды кімдер өндіреді?

Бір-екі жыл бұрын газ бағасының өсуіне жеке компаниялар түрткі деген пікір тарады, сондықтан Қазақстанда сұйытылған газды кім өндіретінін көрейік. Яғни, тауарды нарыққа жеткізу тізбегінің бір бөлігін алайық.
 
ҚР Энергетика министрлігінің ресми сайтында орналастырылған 2024 жылғы қаңтарға арналған тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарына сәйкес негізгі өндірушілер:
CNPC

ҚазГӨЗ ЖШС

ПетроҚазақстан Ойл Продактс

АМӨЗ ЖШС

ПМХЗ ЖШС

ҚазГерМұнай БС ЖШС

Саутс Ойл ЖШС

ҚазақОйл

Gas Processing

Жоғарыда келтірілген мәліметтерден барлық компанияларда («Саутс Ойл» ЖШС мен СНПС — Қытайдың CNPC мемлекеттік концернінен басқа) «ҚазМұнайГаз» — жалғыз акционер немесе серіктестердің бірі екенін көреміз. ПҚОП-та да акциялардың 49%-ы ҚМГ-ға тиесілі («ПетроҚазақстан Ойл Продактс» акцияларының 51%-ы Қытай мұнай-газ корпорациясына тиесілі). Яғни, мемлекет елдегі сұйытылған мұнай газын өндіруде шешуші рөл атқарады.

Бәрі мемлекет қолында

Өткен жылы ҚР мұнай өнімдерінің көтерме сауда нарығының 80%-ын «ҚазМұнайГаз» бақылаған. Жалпы, сұйытылған газды өндіру мен баға белгілеуде «ҚазМұнайГаз» арқылы мемлекеттің үлесі басым екенін көруге болады. Мемлекет өндіруден бастап сатуға дейін газ жеткізудің барлық тізбегін өз мойнына алған кезде бағалар сақталады деген ой туады, алайда Энергетика министрі жариялағандай, баға тұрақтылығы болмайды.

Осыған байланысты халық үшін баға белгілеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ шетелдік және отандық салаға бәсекелестік пен инвестицияларды ынталандыру өте маңызды.


Дереккөз: Inbusiness.kz