Соған қарамастан, ел Үкіметі РФ мұнайының еліміз арқылы тоқтаусыз транзитін қамтамасыз ететін келісімді он жылдық кезеңге ұзартқалы тұр, деп жазады inbusiness.kz.
Таяу Шығыста қарулы қақтығыс өрті өршігенде, қазақ мұнайына қатысты Brent маркасының 1 баррелінің құны 6 қазандағы 84,74 доллардан күрт өсіп, 89 межесіне таяған. Алайда баға бір серпіліп, кері қайтты. Бүгінде біздің мұнайдың бір бөшкесі шамамен 88 доллардан бағалануда. Тіпті одан да түсті.
Сонымен қатар ресейлік Urals керісінше, ары қарай қымбаттауда: кеше бағасы тағы 4,63% өсіп, бір баррелі үшін 77 доллар ұсынылды.
Ресейдің газы ғана емес, мұнайы да дамыған елдердің «майшелпек» нарығынан айрылды. Енді ернеуінен шыққан орыс мұнайы біздің аймаққа тасып төгіле жөнелді.
Мысалы, РФ қара алтыны Өзбекстан нарығынан Қазақстанды ысырып шығаруда. Сарапшылар Қазақстан арқылы құбырлармен өтетін ресейлік мұнайдың Өзбекстанға жеткізілімінің көлемі күрт артқанын тіркеді. Оның үстіне бұл үрдіс алда тек үдей беретін түрі бар.
Таяуда, 6 қазанда Мәскеу мен Ташкент мұнай жеткізілімі саласында ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім бекітті. Бұған қоса, қос көршіміз ресейлік мұнай өнімдерін қазақ жері арқылы теміржолмен тасымалдау көлемін арттыруға мәмілелесті.
Бұл ретте Мәскеу де, Ташкент те мұнай мен мұнай өнімдерін қанша көлемде сататынын-сатып алатынын, алда экспорт-импорт қанша миллион тоннаға артатынын жарияламай, жасырып қалды. Қазақстан оны өз территориясымен тасу кезінде бір-ақ біледі.
Дәл осы кезде, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында Қазақстанның Өзбекстанға теміржолмен жөнелткен мұнайының көлемі рекордтық минимумға құлдырағаны мәлім болды.
«Ведомости» жазуынша, Өзбекстан қазақтың қара алтынынан гөрі әр бөшкесі он доллардай арзан тұратын орыс шикізатын тұтынғанды тиімдірек көріп отыр.
«Жеке басқа еш қатысы жоқ, бұл тек бизнес» деген қағида іске қосылса керек. Өзбек ағайындар арзандау орыс мұнайын өңдеп, бензин, дизелді отын және басқа өнімдер түрінде алыс шетелге және іргедегі Ауғанстан мен Тәжікстанға қымбатқа өткізеді.
Дереккөз: Inbusiness.kz