Вс. Ноя 24th, 2024

2023 жылғы 6 шілдеде Женева қаласында өткен Бас ассамблея отырысында Әділет министрі Азамат Есқараев зияткерлік меншік мәселелері Қазақстан Республикасының назарында екенін хабарлады. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан зияткерлік меншік құқығын құрметтеуге кепілдік беретіні туралы мәлімдемесі дәлел бола алады.

Зияткерлік меншікті сенімді тіркеуді және қорғауды қамтамасыз ету мақсатында заңнаманы жетілдіру және рәсімдерді оңайлату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Марракеш келісіміне және Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісіміне қосылу бойынша жұмыс басталды.

Қазақстанның Марракеш шартына қосылуы көру қабілеті бұзылған адамдарға кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді, олар үшін қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ қолжетімді форматта жасалған туындылардың даналарымен халықаралық алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісімі осы Келісімге қатысушы бірқатар елдерде өнеркәсіптік үлгіні қорғау үшін бір ғана өтінім беру арқылы өнеркәсіптік үлгілерді шетелде патенттеу рәсімін жеңілдетуге көмектеседі.

«Республикада Зияткерлік меншік саласын дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Онда заңнаманы жетілдіру, мүдделі мемлекеттік органдарды үйлестіру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, қарақшылыққа қарсы күрес және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша нақты қадамдар көзделген. Бұдан басқа, ДЗМҰ-мен бірлесіп Қазақстанда технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын құру жөніндегі жоба белсенді дамып келеді. 2022 жылдың шілдесінде Қазақстан алғаш рет ДЗМҰ жазғы мектебін қабылдады. Осы жылдың қыркүйек айында Алматыда ДЗМҰ — ның екінші жазғы мектебі өтеді», — деп толықтырды Азамат Есқараев.

Естеріңізге сала кетейік, 6-14 шілде аралығында Швейцарияның Женева қаласындағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде ДЗМҰ – ға мүше мемлекеттер Ассамблеялары отырыстарының алпыс төртінші сериясы өтуде. Іс-шараға ДЗМҰ-ға қатысушы 200-ге жуық елдің делегациялары қатысады.