Пт. Ноя 22nd, 2024

Астанада 800-ден астам дарынды ауыл оқушысы бас қосты, деп хабарлады Elorda.info.

Елордада IQanat республикалық олимпиадасының финалының ашылуы өтеді. Оған Қазақстанның әр өңірінен 824 оқушы келді. 

22 маусымға дейін қатысушы балалар соңғы іріктеуден өтеді. Логикаға, сыни тұрғыдан ойлауға және математика, ағылшын тілі пәндері сондай-ақ балалар таңдаған биология, химия, физика, география, математика, тарих пәндерінің біреуі бойынша тест тапсырады. 

Іріктеуден басқа, балалар білім беру модульдері мен жеке тұлғалық даму бойынша тренингтерден  өтеді. Ал қазақстандық кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, ынталандырады. 

Сіздердің әрқайсыңыз қазірдің өзінде жеңімпазсыз. Сіздер Астанаға өз мектебіңіздің, ауылыңыздың, отбасыңыздың атынан келіп отырсыздар. Сіздерге сәттілік тілеймін, — деді жобаның сенімді өкілі Нұрасыл Жарбасов.

IQanat – бұл ауыл оқушыларын қолдауға және сапалы білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік және білім беру жобасы.

Қордың қамқоршылары – ауыл балаларына үлгі. Әрқайсысының мектепке келуі бойынша шағын тарихы бар. Олар мұнда келу жолында түрлі кедергілерді еңсерді. Қатысушылар тест тапсырып, білім деңгейінің жоғары екенін көрсете білді, — деді IQanat қорының атқарушы директоры Әлия Саликова.

Еске сала кетейік, бұл олимпиада осымен алтыншы өткізіліп жатыр. 2022-2023 оқу жылының олимпиадасы 8-сынып ауыл оқушылары арасында 3 кезеңде өткізілді. 2022 жылғы 31 қазан мен 17 қараша аралығындағы 1-кезеңге еліміздің ауыл мектептерінен 37 692 оқушы, 17-22 наурыз аралығында өткен 2-кезеңге 7,7 мыңнан астам бала қатысты.


Ақпарат көзі: elorda.info