Вс. Апр 13th, 2025

Астанадағы әуежайда такси шақыратын жаңа жүйе іске қосылды. Жоба қала әкімдігінің Astana Tourism туризмді дамыту орталығы және жеке инвесторлардың көмегімен жүзеге асып отыр. Жаңа қызмет түрі тәулік бойы жұмыс істейді

Астанаға шетелден келген қонақтар енді көшеден такси іздеп әуре болмайды. Ұшақтан түсе сала әуежайдан TAXI POINT жүйесіне жүгінеді. Қала қонақтары арнайы құрылғы арқылы шақырған таксиді екі-үш минут күтіп діттеген жеріне жетуге мүмкіндігі бар.

«Әуежай ол туристердің қала туралы алғашқы әсерін беретін орын. Сондықтан біз өзімізді туристердің орнына қойып көріп, оған қандай комфорт керек, қандай сервис керек деп ойластырдық. Кез келген турист ыңғайлы төлем жасауы үшін, артық шығынға ұшырамауы үшін, жолы қауіпсіз болуы үшін осы жобаны шығарып отырмыз», — дейді Astana Tourism туризмді дамыту орталығының департамент директоры.

Жүйенің жұмысы кез келген адамға қолайлы. Жай ғана бағытты таңдап, банк картасы арқылы төлем жасайды. Экранға такси туралы барлық ақпарат шығады. Құрылғыға 7 тіл енгізілген. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай, испан, француз және түрік тілінде қызмет етеді. Екі түрлі тариф бойынша баға ұсынады.

«Дәл қазір Омбыдан ұшып келдім. Менде қазақстандық телефон нөмірі немесе роуминг жоқ. Такси шақыру үшін мына терминалды пайдаланып жатырмын. Бұл сырттан келген адамдарға өте ыңғайлы екен. Біздің қаламызда мұндай жоқ. Жалпы Астанаға осыдан 5 жыл бұрын келгенмін. Сол уақытта елге жақсы әсермен оралдым. Осы жолы да кереметімен таңқалдырады деп ойлаймын», — дейді Омбы қаласының тұрғыны Ольга Забродина.

Қазір халықаралық әуежайда мұндай құрылғының үшеуі қойылған. Тағы бір терминал ішкі бағыттарға арналған ғимаратта орналасқан.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ