«Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен қандай экономикалық пайда түсетінін айтып берді
«Бүгін Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін тарихи оқиға болатын ерекше жобаны қуанышпен көрсеткім келеді. 1 тамызда «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтеді, ол толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылған», — деді Хасенов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, Дженнифер Лопестің келуі – Астананың А-классты жұлдыздардың гастрольдік картасына енуіне жол ашады.
«Бұл концертке 15 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп болжап отырмыз. Қаланың экономикасына, HoReCa жүйесіне (қонақ үй, мейрамхана, кейтеринг) 6,5 млрд теңге және концерт өткізуден 400 млн теңгеден астам тікелей салық түсімі күтіледі», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін биылғы жазда әйгілі әнші әрі актриса Дженнифер Лопестің Up All Night әлемдік турнесі өтетінін хабарлаған едік. Турне 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Ол әлемнің 17 қаласын қамтиды, соның ішінде Астана да бар.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ