Ср. Мар 12th, 2025

Қазақстандық пара биатлоншы Ербол Хамитов 2024-2025 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық спортшы атанды.

11 наурызда Швецияның Торсби қаласында маусымның соңғы жарысы – спринт өтті. Ербол бұл жарыста екінші алып, маусым бойы жинаған ұпайларының арқасында Хрусталь глобусты иеленді.

Бұл маусымда Ербол бірнеше маңызды жеңіске қол жеткізіп, жалпы есепте 1005 ұпай жинады. Сонымен қатар ол биатлоннан әлем чемпионатында алтын медаль еншіледі.

Айта кетейік, Хрусталь глобус Қазақстанға 31 жылдан кейін бұйырып тұр. Хрусталь глобусты соңғы рет яғни, 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов (1990/1991 және 1993/1994 жылғы маусым) иеленген болатын.

«Қазақстан үшін қысқы спорт түрлерінде Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жету – өте сирек кездесетін және аса маңызды оқиға. Бұл жетістік – Қазақстан пара спортындағы жаңа белес. Енді басты мақсат – 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Паралимпиадада жеңіске жету», — делінген министрлік хабарламасында.

Ербол Хамитов – Қазақстанның пара биатлон және пара шаңғы спортындағы ең табысты спортшылардың бірі. Оның жетістіктері:

Пара биатлон:

  • 2024-2025 жылғы маусымда Әлем кубогының жалпы есебінің жеңімпазы (Хрусталь глобус иегері);
  • 2025 жылғы әлем чемпионатының алтын жүлдегері;
  • 2022-2023 жылғы маусымда Әлем кубогының кезеңдерінде бірнеше рет жеңімпаз және жүлдегер атанған;
  • 2022-2023 жылғы әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері.

Пара шаңғы:

  • 2023 жылғы әлем чемпионы (900 м спринт);
  • Әлем кубогының кезеңдерінің жеңімпазы және жүлдегері;
  • Қазақстан чемпионы (2020-2022).

ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ