«Тәлімгер» бағдарламасының артықшылығы қандай?
Бұдан былай ел мектептері мен колледждерінде қаржылық сауаттылық тереңінен оқытыла бастайды. Ол үшін «Халық» қайырымдылық қоры 300 мұғалімнің біліктілігін арттырып, қаржылық дағдысын ұштауға демеушілік танытуда.
Бүгінде 32 білім беруші «Зеренді» демалыс аймағында 10 күндік курстан өтіп, арнайы сертификатқа ие болды. «Тәлімгер» бағдарламасының артықшылығы қандай?
«Бұл оқу — бұрынғылардан өзгерек!» Зерендіде біліктілігін ұштап жатқан қай ұстаз болмасын, 10 күндік оқытуды осылай деп суреттейді. Расында, олар қаланың өмірінен босап, таза ауада, тұмса табиғатта демала жүріп, білім алды. Арасында еңбек демалысын ысырып қойып келгендері де бар. Мақсат бір — қаржылық сауаттылықты арттыру. «Тәлімгер» бағдарламасында олардың әр сағаты мен минуты есептеліп, жазылған. Әр білім еркін форматтағы түрлі әдіс-тәсілдер арқылы берілді.
«Бізге кәсіпкерлікті үйрену барысында көптеген методикаларды үйретті. Теориялық білімді алып қана қоймай, оны практика жүзінде орындап, кәдімгі студенттер секілді тауарлар саттық, инвесторларды іздей бастадық. Нағыз кәсіпкерлер компниялардың мониторингін жасадық», — дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Гүлжан Исмайылова.
Жоба әзірге 8 өңірдің, яғни, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, БҚО, Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл, Түркістан облыстарының ұстаздарын қамтуда. Мұғалімдерге отбасылық бюджетті жоспарлау, бизнес-жоспар құру, онлайн алаяқтардан сақтанудың қыр-сыры түсіндірілді. Ол үшін арнайы әдістеме жасақталып, ата-ана мен балаға түсінікті болатындай сөздіктер құрастырылған. «Қаржылық сауаттылықтың бастауы — мектеп болуы тиіс»,- дейді жоба авторы. Біліктілігін арттырған педагог 2-3 айда шағын кәсіпкерліктің жобасын дайындауы тиіс.
«Ендігі жоспар қазір мұғалімдер үйлеріне қайтады. Олардың аудиториясы тек оқушы емес, ата-ана. Мұғалім мен ата-ана тікелей байланыста. 2-3 ай өздерінің ойларына салып, кері байланыс ретінде бізге жоба ретінде ұсынады. 2-3 айда жобаны жинап, срааптап, кейін біз қаржыландырамыз», — деді «Тәлімгер» жобасының авторы Айгүл Ахметова.
Бастаманың демеушісі – «Халық» қоры. Бұл қаржылық сауаттылықты арттыруды қолдаған қордың алғашқы жобасы емес. 2020 жылы 70 мың жасөспірімді қамтыған жоба ұйымдастырған.
«Халық» қайырымдылық қоры бірнеше салада жұмыс істеп келе жатыр. Ол — әлеуметтік саланы дамыту, білім беру, спортты дамыту. Осылардың ішіндегі білі беру саласын айтатын болсақ, оның ішінде қаржылық сауаттылықты дамыту, мектептерде көп назар аударылатын сала деп айтуға болмайды. Сондықтан да заманауи заманда балаларды қаржылық сауаттылыққа үйрету, қаржылық гигиена демекші, кәсіпкерлікті ойлауды дамыту. Кез келген адам кәсіпкер болады дей алмаймыз. Дегенмен де, оның базасын білу аса маңызды», — деді «Халық» қайырымдылық қорының директоры Сағынбек Шункеев.
Енді педагогтар білім ұясына оралғаннан кейін әріптестерімен алған тәжірибе, білімдерімен бөліседі. Кейін ата-ана, оқушыларға кең көлемде насихаттайды. Ал, Халық қоры мұнымен тоқтап қаомайды. Жыл соңына дейін 300 мұғалімді оқытуды жалғастырады.
Ақпарат көзі: inbusiness.kz