Вт. Дек 3rd, 2024

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-шаралар жалғасуда. 

2023 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткінің заңсыз айналымына қарсы 150-ден астам операция жүргізді. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қорытындыға сәйкес, 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылды. Сондай-ақ, 36 жасырын есірткі зертханаларының қызметі бейтараптандырылды.

Заңсыз айналымнан 3,6 тоннадан астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар, 21,5 тонна көкнәр сабанының шикізаты және синтетикалық есірткі жасау үшін пайдаланылатын 75 тоннаға жуық химиялық реагенттер тәркіленді.

«Қара нарықта» алынған есірткінің құны 20 млрд теңгеден асады, ал көлемі шамамен 17 млн бір реттік дозаны құрайды.

Сонымен қатар, «Тиісті қылмыстар жасады» деген күдікпен 101 адам сотталды. Сондай-ақ, республиканың тағы 169 азаматы мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен Қазақстан арқылы есірткі әкелу және транзит арналарының жолын кесу бойынша 32 бірлескен операция жүзеге асырылды.


Дереккөз: inbusiness.kz