Чт. Ноя 21st, 2024

Жергілікті билік пен демеушілер жан-жақты көмек көрсетуде. 

Осыдан жарты ай бұрын Павлодар облысы Шарбақты ауданының 12 жасар тұрғыны қыз баланы дүниеге әкеліп, ана атанған еді. Бұл жайт қоғамдық резонанс тудырып, көпшіліктің назарын аудартты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Аталмыш жағдайдан соң Павлодар облысындағы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенова қыздың үйіне барып, отбасындағы жағдаймен танысқан-ды. Сол тұста аталған отбасының әлеуметтік жағдайы көңіл көншітпейтінін жазған болатын.  

Бұл жайт та жұртшылықтың көзіне ілікті. Түрлі пікірлер тудырды. Қалай болғанда да оқушының отбасына көмек керек екені анық көрінді. Сөйтіп, аз уақыт аралығында бірқатар қолдау жасалыпты. Бұл туралы Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Асылбек Туғанбай әлеуметтік желідегі ресми парақшасы арқылы хабарлады. 

«Жағдай анықталған алғашқы күннен бастап Самал Айтқазина басқаратын білім басқармасы, Шарбақты ауданы әкімдігі Жансаяға қол ұшын созып, жан-жақты көмек көрсетті. Мәселе Павлодар облысының әкімі Асайын Қуандықұлының тікелей бақылауында болды. Атап айтқанда, Жансаяның отбасына Павлодар қаласына қарасты ауылдардың бірінен баспана берілді. Баспана жиһазбен, тұрмыстық техникамен, күнделікті қолданатын заттармен толық жабдықталған. Бұл игі іске Моңғолиядан қоныс аударған қандас кәсіпкерлер бір кісідей жұмылды. Қорасы бос болмасын деп мал атаған (қой, жылқы,сиыр) ағалары да болды», — деп хабарлады депутат. 

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ісі бойынша комиссия арнайы отырыс өткізіп, Томирис деп ат қойылған нәрестені аталған отбасында қалдыру туралы шешім қабылдады. Ендігі ретте жас ана мен сәбиі дәрігерлер мен тиісті мекемелердің бақылауында болады. 
Сонымен қатар, Жансаяның үш бауыры мен сіңілісі мектеп, балабақшаға орналастырылып, мектепке қажетті заттармен, ал әкесі жұмыспен қамтылмақ. 

Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенованың сөзінше, қазіргі уақытта жас ана мен сәби перинаталдық орталықта. Екеуінің де жағдайы – қанағаттанарлық. Нәресте жасанды жолмен тамақтанып жатса, анасы жаңа оқу жылында мектеп қабырғасындағы білімін жалғастырады. 

«Перинаталдық орталықтан шыққан соң балалар дәрігерінің патронатына алынады. Оқушының психологиялық жағдайын мамандар бақылайды. Заң бойынша қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар жаңа туған нәрестені балалар үйіне орналастыра алатын еді. Мұндай жағдайда сәби сонда бір жасқа толғанға дейін, анасының ата-ана құқығы шектелместен бола алады. Бірақ отбасы бұдан бас тартып, өздері қарайтынын айтты», — дейді Сәуле Шакенова. 

Белгілі болғандай, нәрестенің әкесі – оқушының 17 жасар туысы. Ол өткен жылдың қазанында қызды үйде зәбір көрсеткен. Аталмыш жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек сәуір айында қамауға алынған.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің төрағасы насымжан Оспанова атап өткендей, қазір зәбір көрсеткен жігіт психиатриялық ауруханада бірқатар сараптамадан өтіп жатыр. 


Дереккөз: Inbusiness.kz