Вс. Окт 6th, 2024

Еліміздегі ең ірі Halyk банкі бүгін өзінің жүз жылдығын атап өтуде. Алғаш 1923 жылы Ақтөбеде жинақ кассасы болып ашылған мекемеге міне, ғасыр толды. Халық тарихын қамтитын осы бір тұтас ғасырда банк соғысты да, жеңісті де, ұлттық экономиканың қалпына келуі мен саяси жылымықты, миллиондаған адамдардың қиын сәттері мен арманын, алып елдің күйреуі мен Қазақстанның тәуелсіздік алуын, дағдарыстар мен оларды жеңу жолын өз елімен бірге көрді. Бірге өсіп, дамыды.

Halyk банкінің тарихы қазақстандық қаржы институтының табыс жолы ғана емес. Бұл – мемлекет пен халықтың өз мұраларына ілтипатпен қарауының, тарихи дәуірден жаңа заманға ұласқан сабақтастықтың үлгісі.

Банктің бірегей ерекшелігі де осында, ғасырлық тәжірибе нарықта жоғары беделге ие болып, заманауи басқару шешімдері мен инновациялық технологиялар үйлесімді интеграцияға негізделген.

Бүгінгі таңда Halyk – Грузия, Қырғызстан және Өзбекстанда еншілес банктері бар Halyk Group ірі қаржы тобының өзегі, елдегі ең ірі және ең сенімді банк. Оның қазір аймақтарда 24 облыстық желісі, 120 аудандық филиалы мен 426 есеп айырысу кассалық орталықтары бар. Топта 16 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша банк активтері 14 триллион теңгеден асты. Ал алты айдағы кірісі 386,9 миллиард теңгеге бағаланады. Банк экономиканың нақты секторының 50 пайызын несиелейді. Одан бөлек, Лондон қор биржасында листингтен өткен. Ол қазақстандық банктер арасында бірінші болып 2020 жылы тұрақты даму туралы есеп берді. Ал 2022 жылы БҰҰ Жаһандық шартына қосылды. 12 миллионнан астам қазақстандық Halyk банкін “өз банкім” деп атайды және оның сенімділігіне күмән келтірмейді.

100 жылдық мерейтойында банк «100 игі іс» ауқымды жобасын іске қосып, сенім білдірген барша қазақстандықтарға алғысын білдіруде. Осылайша, Halyk осыдан он шақты жыл бұрын қалыптасқан туған күнді халықпен бірге тойлау дәстүрін жалғастыруда. Жоба аясында банк еліміздің барлық аймақтарында білім, экология, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында бірқатар бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, банк балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында спортты дамыту мақсатында «Халық лигасына” қолдау көрсетіп, Астана мен Алматы қалаларында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлерін толық газбен қамту жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек, Amanat партиясымен бірлесіп, алғаш рет еліміздің 8 облысындағы шалғай ауылдардың тұрғындарын жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытуды қолға алды. Бұл – Halyk-тың атқарып жатқан үлкен әлеуметтік миссиясының аз ғана бөлігі. 2020 жылдан бері банк «Халық» қайырымдылық қорымен серіктестікте әлеуметтік бағдарламаларға 63 млрд теңге бөлген. 

Бүгіннен бастап Halyk өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басуда. Әлем жылдам өзгеруде, сәйкесінше, банк те басқа қарынан дамып келеді. Ол экожүйелік шешімдер мен кеңейтілген функционалдылыққа қарай жылжуда. Дегенмен сыртқы жағдайлар қаншалықты өзгерсе де, Halyk өзінің құндылықтарын, кәсібилігін, адалдығын, ашықтығы мен сенімділігін сақтай отырып, әрқашан еліміздегі банк секторының көшбасшысы болып қалуға ұмтылады.


Дереккөз: Stan.kz