Өскеменде студент Үлбі өзеніне батып кете жаздаған бес жасар баланы құтқарып қалды.
Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 13 мамырда болған.
Ерасыл Омарханов баланың Үлбі өзенінде суға батып бара жатқанын кездейсоқ байқап қалған.
«Ол абдырап қалмай, асығып жетіп, 5 жастағы баланы құтқарды. Белгілі болғандай, бүлдіршін әпкесімен өзен жағасында серуендеп жүріп суға құлаған. Оны ағын әкеткен. Ерасыл дер кезінде оқиға орнында болған», — делінген ведомство хабарламасында.
ТЖД өкілдерінің хабарлауынша, Ерасыл Омарханов Қазақстан-Америка Еркін университетінің студенті.
Студент бұл ерлікті кез-келген адам жасайтынына сенімді және өзін батыр деп санамайтынын айтады.
Шығыс қазақстандық құтқарушылар ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Төтенше жағдай туындаса, 112 нөмірі бойынша хабарлау қажет екенін ескертті.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ