Пт. Ноя 22nd, 2024

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірден еліміздің бірнеше облысында ауқымды арнайы операция жүргізді. Бұл жөнінде 2023 жылғы 6 қазанда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі Аркен Абдуғали мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, 2023 жылғы 5 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесе және Бас прокуратураның үйлестіруімен бір мезгілде Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізді.

«Нәтижесінде қару мен есірткіні заңсыз сақтауға, бопсалауға, заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруға және өзге де ауыр қылмыстар жасауға күдікті топтардың 72 мүшесі тергеу амалдарын жүргізу үшін жеткізілді. Топтар өз әрекеттерін Қытаймен («Қорғас» ХШЫО), Өзбекстанмен («Жібек жолы» өткізу пункті) және Қырғызстанмен («Қордай автомобильдік» өткізу пункті) шекаралас учаскелерде жүзеге асырған», деді Аркен Абдуғали.

ҰҚК ресми өкілінің нақтылауынша, тінту барысында атыс қаруы оқ-дәрілерімен, ірі ақша қаражаттары, есірткі, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

«Тергеу іс-шаралары жүргізілуде», – деп атап өтті Аркен Абдуғали.


Дереккөз: kaz.zakon.kz