Вс. Сен 8th, 2024

Бұл істің көлеңке де, күнгей де беті бар.  

Себебі, «Білім-инновация» лицей-интернатының жанынан салынады деп жоспарланған кешеннің жер телімін бөлуге бір топ ата-ана мәселе көтерген болатын.

Жауаптылар «аталған нысан лицей-интернаттың оқу процесіне кедергі келтірмейді» деп отыр.
Дәл осы мәселеге келгенде қызылордалықтардың пікірі қақ жарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ата-аналар спорт кешеннің жалпы бой көтеруіне қарсы емес екенін, тек оқу орнының жанынан салынбауын қалайды. Өткені, еліміздегі ең үздік мектептердің бірі саналатын білім ошағында оқушылар үшін емін-еркін қозғалыс шектелетінін жеткізіп отыр.

«Қызылорда арена» – түрлі бағыттағы іс-шараларды өткізуге арналған көпфункционалды кешен. Құрылысқа қажетті жердің жалпы аумағы – 2,1 гектар. Ғимараттың жалпы алаңы – 14 000 шаршы метр, 3 қабаттан тұрады.

— Қалада көпфункционалды «Қызылорда Арена» кешені құрылысын салу жоспарлануда. Кешенде әмбебап спорт зал, бассейн, жекпе-жек және өзге де жаттығу залдары, сондай-ақ хореография залы қарастырылған.

Қазіргі таңда нысанның орналасатын жері нақтылануда. Оның бірі ретінде «Білім-инновация» лицейінің игерілмеген бос жатқан жер учаскесі қаралуда.

Бүгінгі таңда Білім-инновация лицейінің оқушылары (негізінен ұл балалар) тек қана шағын спорт алаңын пайдалануда. Осы спорт алаңы лицейдің өзге бос жеріне ауыстырылып, орнатылатын болады.

«Қызылорда Арена» кешені Білім-инновация лицейінің жанынан салынған жағдайда лицей оқушылары кешенді спорт түрлерімен жаттығулар жасауға, оқу бағдарламасына бассейнде жүзу, хореография ендіруге мүмкіндіктер жасалады.

Сонымен қатар, Саяхат, Сырдария, СПМК-70 мөлтек аудандары, Тасбөгет кенті, Ақсуат ауылдық округі мен Сабалақ саяжайындағы мектеп жасындағы оқушылардың мәселесі де қарастырылуда.

Кешен салынатын орын Білім-инновация лицейінің ұстаздары мен ата-аналардың пікірлері зерделеніп, халық мүддесіне қарай шешім қабылданатын болады, — деп хабарлайды «Ашық Қызылорда» ресми парақшасы. 

Облыстың күн райы ерекшелігіне байланысты бұл кешен тұрғындар мен балаларға жайлы орта қалыптастырады деп күтілуде. Сондай-ақ, шалғайдан қала орталығына қатынап, үйірмелерге қатысатын мектеп жасындағы 30 мың оқушының мәселесі шешілмек. Құрылыс жұмыстары басталған жағдайда мектеп мүлкіне ешқандай материалдық шығын келтірілмейтіні айтылған. 


Дереккөз: Inbusiness.kz