Алматыда ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ұйымдастыруымен Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыстың 30 жылдығына арналған мерейтойлық шара өтті.
Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылғанына 30 жыл толды. Алматыда ҚР ҰОК басшылығы, өткен 30 жылдағы Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, спорт ардагерлері мен еңбек сіңірген қайраткерлердің қатысуымен салтанатты түрде атап өтілді.
Бүгінде Алматыдан шыққан спортшыларымыздың есімдері елде ғана емес, шет елдерге де белгілі. Олардың қатарында әр жылдарда Олимпиада чемпиондары атанған белгілі спортшыларымыз — жүзуден қанжығаға алтын медаль байлаған Дмитрий Баландин, жеңіл атлет спортынан алтын алып, елдің мерейін тасытқан Ольга Шишигина, танымал боксшымыз Бақыт Сәрсекбаевтың есімдері баршаға мәлім. Олимпиада ойындарының күміс медалінің иегерлері — Сергей Беляев, биатлоншы Елена Хрусталева, Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері — Мхитар Манукян, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, бокстан Дариға Шәкімова сынды спортшыларымыз бар.
ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев Олимпиада чемпиондары – шаңғы жарысынан жүзден жүйрік атанған Владимир Смирновқа, велоспорттан еліміздің атын әлемге танытқан Александр Винокуровқа және еліміздің туын биікке асқақтатқан танымал боксшы Ермахан Ибраимовқа ҚР ҰОК орденін табыстады.
«Жеткен жеңістерді мақтан ете отырып, жаңа жеңіс белестерін бағындыруларыңызға тілектеспін. Баршаңызға мерейтой құтты болсын!»,– деді Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов.
Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина (жеңіл атлетика), Олимпиаданың күміс медаль иегерлері Сергей Филимонов (ауыр атлетика), Елена Хрусталева (биатлон), Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика), Дариға Шәкімова (бокс) және басқа да спорт қайраткерлері ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің әр түрлі дәрежелі құрмет белгілерімен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ҰОК делегациясы мерейтойлық мереке аясында Қазақстанның барлық өңірінде іс-шаралар өткізуде. Белгілі спортшылар, ардагерлер, спорт қайраткерлерінің қатысуымен салтанатты шаралар ұйымдастырылуда.
30 жыл ішінде еліміз 7 жазғы Олимпиадалық ойынға, 8 қысқы Олимпиадалық ойынға қатысып, спортшыларымыз 79 медальға ие болды. Оның 15-і алтын. Көк байрағымызды желбіреткен даңқты спортшыларымыздың бірі 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов.
«Ұлттық Олимпиада комитеті спортшының өмірінде Олимпиада, Азия ойындарына, Әлем чемпионаттарына дайындау барысында қолдау көрсетеді. Қаржылық жағынан, моральдық жағынан спортшыларды қолдайды. Сондықтан бұл ұйымға алғысымыз шексіз, 30 жылдық спорттық мерейтой құтты болсын!», – деді Ермахан Ибраимов.
ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовтың айтуынша, Спорт – Қазақ елін дүниежүзіне танытатын ерекше сала.
«Ұлттық Олимпиадалық комитетінің құрылғанына 30 жыл толды. Бүгін үлкен спорттық мереке. Өйткені әр мемлекет егемендік алғанда ең бірінші өзінің Ұлттық Олимпиадалық комитетін құрып, Халықаралық комитетке тіркеледі. Сол кезден бастап Қазақ елінің спортшылары дүниежүзілік жарыстарға егеменді мемлекет атынан қатысуда. Біздің елімізде осындай Ұлттық Олимпиадалық комитет құрылып, спортшыларымыз 30 жылда көптеген жарысқа қатысып, үлкен жетістіктерге жетті. 79 рет біздің көк байрағымыз биік көтеріліп, 15 рет еліміздің Әнұраны шырқалды. Спорт – Қазақ елін дүниежүзіне танытатын ерекше сала. Сондықтан баршамызға мереке құтты болсын!», – деді ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҚР ҰОК) 1990 жылы 3 ақпанда құрылған. 1992 жылы ҚР ҰОК ресми тіркеліп, оны 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті мойындаған.
ҚР ҰОК тәуелсіз қоғамдық ұйым болып табылады. ҚР ҰОК өз қызметінде Халықаралық Олимпиада комитетінің хартиясын, Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын және ҚР ҰОК Жарғысын басшылыққа алады. ҚР ҰОК миссиясы — Олимпиадалық қозғалысты дамыту және оны қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында сыйластық, достық пен кемелдік сынды олимпиадалық құндылықтарды ілгерілету. Ұлттық Олимпиадалық комитетінің тағы бір мақсаты — жоғары дәрежелі қазақстандық спортшыларды Олимпиада ойындарына қатысуға дайындау арқылы Қазақстан Республикасының жоғары жетістіктер спортын дамыту. ҚР ҰОК тұңғыш президенті — Тимур Досымбетов, ал ҚР ҰОК қазіргі басшысы — Тимур Құлыбаев.
Ақпарат көзі: inbusiness.kz