Пт. Ноя 22nd, 2024

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Алматы облысындағы Қазақстан армиясының жоғары деңгейлі офицерлерін даярлаумен айналысатын «Арыстан» мамандандырылған лицейінде болды. Бүгінгі таңда бұл лицейдің 9-11 сыныптарында Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 240 жасөспірім оқиды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мерекелік іс-шара мектеп түлектерінің оқу орнының туын көрсету рәсімінен және лицей оқушыларының «Мен Қазақпын» әнін орындауынан басталды.

Содан кейін Қорғаныс министріне лицей оқушыларының жетістіктері туралы айтылып, мекеменің инфрақұрылымы көрсетілді. Мұнда Руслан Жақсылықов оқу сыныптарын, жүзу бассейнін, тирді және бокс залын көрді. Министрлік басшысына оқыту барысында интерактивті технологияларды және алғашқы әскери дайындықты оқытуда инновациялардың қалай қолданылатындығы көрсетілді. Лицей туралы ақпараттық материалдарды қарап шыққан Қазақстанның Қорғаныс министрі үздік оқушылармен кездесіп, олдардың алдында сөз сөйлеп, сұрақтарына жауап берді.

Лицей оқушылары жоғары оқу орындарына түсу үшін гранттар алуға қатысты мәселелерге белсенді қызығушылық танытты. Жоғарғы Бас Қолбасшының, Ел Президентінің әскери қызмет өткерудің әлеуметтік жағдайларын жақсарту жөніндегі талаптарын ескере отырып, Қорғаныс министрі ҚР Қарулы күштері балалар үшін әлеуметтік жағынан жоғарылау тетігі болуға тиіс екендігіне назар аударды және бүгінде бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. 

«Ол үшін не істеуі керек? Әскерге бару керек. Әскерге барған адамның зор ынтасы болуы керек керек, өйткені мемлекет оған мүмкіндік беріп отыр. Әскерде адал қызмет етесің, әскери борышыңды орындайсың, барлық әскери білімді меңгересің, жақсы баға аласың – осылайша мемлекет ҰБТ-ны тапсырмай-ақ, таңдау бойынша жоғары оқу орнына тегін түсуге мүмкіндік береді. Бұл туралы біз ең алдымен бір жыл бойы жоғары оқу орындарымен келіссөздер жүргіздік, мәмілелер жасастық.  Осылайша мемлекет сіздерге мүмкіндік береді, қалғанының бәрі өздеріздің қолдарыңызда», — деп атап өтті министр. 

ҚР Қорғаныс министрі сондай-ақ әскери қызметшілерге арналған қосымша әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде қызмет уақытына арналған кредиттік демалыстар және әскери қызметтен кейін жұмысқа орналасуға көрсетілетін көмек жайында айтып берді. 

«Біз әлі басқа да нормалар бойынша, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарымыздың, офицерлер құрамының әлеуметтік қамсыздандыруы бойынша жұмыс істейтін боламыз. Қазірдің өзінде көптеген бастамалар жүзеге асып жатыр. Біз бұдан 30 жыл бұрын істелуі қажет болған жұмыстарды жүзеге асырдық», — деді министрлік басшысы.

Сондай-ақ, Руслан Жақсылықов биыл Қорғаныс министрлігі Түркияның әскери оқу орындарында оқуға, сондай-ақ Қытай мен Ресейде оқуға квоталар санын арттырып, қазақстандық әскери қызметшілер үшін жоғары оқу орындарының географиясын кеңейтіп жатқанын атап өтті.

«Біз қарулы күштерді дамыту мүддесі аясында жоғары оқу орындарының географиясын кеңейту үшін жұмыс істеп жатырмыз», — деді ол. 

Сондай-ақ, «Арыстан» лицейінің оқушыларымен әңгімелесу барысында ҚР Қорғаныс министрі неге әскери қызметкер болуға шешім қабылдағандығы туралы өзінің жеке сырымен бөлісті және әскери мансабының шыңына жету жолында кездескен түрлі қиындықтар туралы да айтып берді. Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі болуды ешқашан ойламағанын және өзінің армандары алдымен офицер болу, содан кейін майор, подполковник болу сияқты біртіндеп дамығанын әңгімелеп берді. 

Кездесу соңында Руслан Жақсылықов лицей оқушыларына бірнеше кеңестер берді: тәртіпті болу, спортпен шұғылдану, оқу және алдыға мақсат қоя білу, осы мақсаттарға жетуге жүйелі түрде қадам басу.

«Арыстан» лицейінің бастығы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев лицейге келген арнайы сапары үшін министрге алғысын білдіріп, оқушыларға оның көрсетіп отырған жеке үлгісінің маңыздылығын атап өтті.

«Сіздің бұл сапарыңыз біздің жігіттерге Қазақстанның шалғай жерінен келген қарапайым ғана баланың да биіктерге жетіп, тәуелсіздік заманында Қорғаныс министрі бола алатынын көрсетіп отыр», — деді Мұрат Майкеев.

Айта кету керек, аталмыш лицейдегі оқу толығымен тегін жүргізіледі және бұны «NNEF» қоғамдық қоры қаржыландырып отыр. Лицейге түсу кезінде аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына басымдық беріледі. Қазір лицейде көп балалы отбасылардан шыққан 70-тен астам бала және толық емес отбасылардан (ата-анасының бірі жоқ) шыққан 60-қа жуық бала  оқып жатыр.

Лицейдің басты мақсаты – ұл балаларға сапалы білім беру және олардың бойында батылдық, төзімділік, табандылық, мықты мінез, мәдениет, отансүйгіштік және азаматтық парыз сезімі сияқты қасиеттерді тәрбиелеу болып табылады. Лицей түлектері Қазақстанның күш құрылымдарында қызмет етуге және озық офицерлік команданың құрамына кіруге әрқашан дайын болуы тиіс.

«Арыстан» лицейі осы оқу орнының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Құлыбаевтың қолдауымен Динара Құлыбаева құрған «NNEF» қоғамдық қорының құрылымына кіреді.


Дереккөз: Stan.kz