Пт. Сен 20th, 2024

«Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» демекші, бүгінде басы матауға түскен азаматтардың құқығын қорғайтын адвокаттардың өзіне де қорғаушы керек болып тұр. 

Өйткені, түрлі деңгейдегі мүдделер қақтығысының алаңына айналған сот-прокуратура-ішкі істер министрілгі сынды «үш буынды» мемлекеттік машинаға қарсы тұрар жалғыз қоғам өкілі солар ғана. Төрелік етуде жазалау риторикасы басым боп тұрған шақта адвокаттардың кәсіби қызметінде кедергілер өте көп.

Адвокаттық қияметтің көпіріне айналып барады

Адвокаттардың ең бірінші мәселесі — қоғауындағы азаматқа жетудегі қиыншылықтар. Өйткені, тергеу изоляторларында адам лық толы, ал кездесу бөлмелері аз. Сондықтан да кезек көп. Тіпті ұстаудағы адамды басқа өңірлерге ауыстырып жіберетін кездер жиі. Оларға бару қосымша шығын екені айтпаса да түсінікті. Ал зорға деп кездесу уақыты белгіленгенде ғимаратқа кіргізудің күрделі процедурасы басталады. Мұны адам құқын қорғауға қарсы бір кедергі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, адвокаттардың заттары мен іс-қағаздары қатаң тексеріледі, кейбір заттар өткізбей тасталады. Айталық, адвокаттарға құқық қорғау органдарының, уақытша ұстау немесе тергеу изоляторларының ғимараттарына техникалық құралдарды әкеліп пайдалануға негізсіз тыйым салынған. Соның салдарынан іс материалдарымен танысу, олардың көшірмелерін алу жиі мүмкін болмай қалып жатады. Оның үстіне қорғауындағы азаматпен кездесудің құпиялығы жиі бұзылады. Соның бір мысалы: кездесу бөлмелерінде бейнебақылау камераларының болуы, екеуара әңгімені тысқары адамдардың тыңдауы мүмкін екендігі, жеке кабинеттердің аздығы. Тағы бір шешімін таппай жүрген мәселе — қолданыстағы нормалардың тиімсіздгі. Кей жағдайларда ол нормалар проблемаларды шешу үшін жеткіліксіз болса, кейбір тұстарда жаңадан мәселелер тудырады.

«Кейбір мемлекеттік органдар мен ұйымдар адвокаттық сауалдарға жауап беру тәртібін бұзу арқылы оның заңды қызметіне кедергі жасап отыр. Адвокаттардың құқықтарын бұзатын одан басқа да көптеген әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік жоқ. Мәселен, адвокаттардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын Қылмыстық кодекстің 435-бабы жұмыс істемейді. «e-Otinish» порталы арқылы адвокаттардың өтініштерімен жұмыс істеу кезінде проблемалар көп, оның ішінде басқа жүйелермен интеграцияның болмауы, белгіленген мерзімдердің сақталмауы және адвокаттардың қылмыстық істер бойынша жолдаған сұрауларының мәртебесі белгісіз боп қалуы сынды мәселелер бар. Ал одан да сорақысы – адвокаттарды заңсыз қамауға алу, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу ісін негізсіз тіркеу, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу деректеріннің жиілігі. Ондай аңду кезінде адвокаттар мен олардың қорғаушылары арасындағы әңгімелер жазылады, адвокаттық құпия болып саналатын ондай ақпараттар сосын жария болып жатады. Бір өкініштісі, мұндай жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері қарауға қабылданбайтын дәлелдер боп танылмайды», — дейді Республикалық адвокаттар алқасы Ғылыми-консультативтік кеңесінің төрағасы Сергей Сизинцев.

Оның айтуынша, заң көмегін көрсету кезінде белгілі болған мәліметтерді алу мақсатымен адвокаттарды тергеуге тырысу сияқты заңсыз практика әлі де болса жалғасуда екен. Одан бөлек, мемлекеттік құпияларға бір рет қана, онда да тек қаралып жатқан нақты қылмыстық іс шеңберінде рұқсат беретін қолданыстағы тәртіп өзгермей отыр. Бұл ретте адвокаттардың заңмен қорғалатын өзге де құпияларға қол жеткізу құқықтары шектелген. Мемлекеттік кепілді заң көмегі саласында да проблемалар бар. Атап айтқанда, адвокатқа төленетін сыйақы мардымсыз, атқарылған жұмыс уақытын есептеу механизмі әділетсіз, адвокат төлем мөлшерін анықтау кезінде судьяға және өзінің процессуалдық қарсыласы саналатын тарапқа тәуелді. Ал «Заң көмегі» деп аталатын ақпараттық жүйенің функционалдық жетілдірілмеуі адвокатура саласын цифрландыруға мүмкіндік бермей отыр.

«Әрине, жағдай мүлдем қиын деп қара аспанды төндіруден аулақпын, құқықтық көмек көрсетуді жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалар бар. Мысалы, қазір Парламент Мәжілісінде біздің саланы жетілдіруге бағытталған заңнамалар жиынтығы қаралуда. Ондағы жұмыс топтарында адвокаттар қоғамдастығы ұсынған ұсыныстар да талқыланып жатыр. Осы ретте біз адам құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы ортақ істі ілгерілетуде қолдау табамыз деп сенеміз. Бірақ, өкінішке қарай, адвокатураның негізгі проблемалары бойынша ұсыныстарының басым көпшілігі құқық қорғау органдары мен Үкімет тарапынан қарсылықтарға ұшырауда. Құқық қорғау өкілдерінің пікірі заң жобалары бойынша жұмыс топтарындағы азғантай қоғам өкілдерінің, яки адвокаттар мен заңгер-ғалымдардың үнінен басым боп кетіп отыр», — дейді ол.

Осы ретте адвокаттар қоғамдастығы бірқатар ұсыныстар беріп отыр. Олар: адвокаттарды өміріне қастандық жасағандарды ҚК-нің 408-бабымен жазалататын тұлғалар тізіміне, ал қоқан-лоқы немесе зомбылық көрсеткендерді ҚК-нің 409-бабымен жазалататын тұлғалар тізіміне енгзу. Қылмыстық қудалау органдарына сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін өз беттерінше жариялауға тыйым салу. Адвокатқа қатысты жасырын тергеу жүргізілер болса, ол облыс прокурорымен мақұлданған қаулы арқылы тергеу судьясының санкциясымен жүзеге асуға тиіс. Адвокаттарды астыртын жұмысқа тартуға тыйым салу керек. Адвокаттың істегі құқықтық жағдайын бағалауға қатысты ұсыныс беруге, жеке ұйғарым (қаулы) шығаруға тыйым салу. Қылмыстық-процессуалды заңнамада белгіленген жағдайларды қоспағанда, адвокаттың үйіне немесе үй-жайына кіруге, онда тексеру жүргізуге, тінту жасауға немесе өзге де тергеу әрекеттерін жүреге асыруға шектеу  қою. Адвокаттарды заң көмегін көрсетуімен байланысты, оның ішінде көпшілік алдында мәлімдеме жасағаны үшін де, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға тыйым салу. Одан да өзге адвокаттың өзін және отбасы мүшелерін мемлекет қорғауына алу, «адвокаттық сұрау» ұғымын нақтылау және оған жауап беру уақытын қысқарту, «адвокаттық құпия» мәселесінде кейбір шектеулерді алып тастау сынды ұсыныстар көп. Одан бөлек адвокаттардың қызметақысын нотариустардікі сияқты нақты сомамен бекітіп қою керек деген сияқты да тілек бар.

Сот тәуелсіз болуы қажет

Адвокаттар елімізде сот өндірісін жүргізудің үш буынды моделінің қабылданғаны дұрыс емес деп санайды. «Тергеуші-прокурор-сот» буыны көп ретте адамға айып тағуға жұмыс істейді. Ақтау үкімдерінің аздығы содан да болуы мүмкін. Ал шындығында бұл үш бұрышты қатынаста сот болмауы керек. Ол өз алдына дербес және бейтарап іс жүргізуге тиіс. Заңгерлер бұл тұста концептуалды қате кетіп отырғанын айтады, өйткені төрелік етуде осы үш буынға ортақ көзқарас алынады да, адам құқы мүлдем тысқары қалады.

«Бізде «үш буынды модель» деген сөз сот ісін жүргізуде тұрақты сөз тіркесіне айналып кеткен, тіпті оның баламасы «адамды түрмеге отырғызу» деген ұғыммен астасып кеткен. Мұндағы қателік оларды ресми түрде біріктіріп, «модель» деп атау берілгенінде. Әйтпесе бұл үштік біздің елімізде кеңес кезінен бар. Әр буын өзінің бағыты бойынша ғана жұмыстармен айналысатын. Бірақ, шамасы кейбір органдар өздерінің пәрменін шамадан тыс арттыра түскісі келіп, сол мүддесін тықпалап өткізген сияқты. Мәселен, тергеуді дербестігінен айырды, ол мүлдем дұрыс емес. Қалай болғанда да, мүдделі тарап өзінің құзіретін ақыры нығайтып алды. Ал шындығында бұл модель Конституцияға қайшы. Себебі, прокуратура қылмыстық процестің қожайын бола алмайды. Өйткені, Конституция бойынша олар билік тармағына жатпайды. Бізде сот билігі бар, атқарушы билік бар. Олар қылмыстық процестің қатысушылары», — дейді адвокат Руслан Бердиев.

Оның айтуынша биліктің кез-келген тармағының тежеу және қарсы тұру институты аясында бір-біріне ықпал ете алатын мүмкіндігі болуы керек. Міне дәл осы институт еліміздің сот өндірісінде «сайысу принципін» орнықтыра алмақ. Бұл жерде адвокаттарға артық билік беріп немесе прокуратураның құзіреттен шектеуге болмайды. Белгілі бір баланс ұстану қажет. Мемлекеттік ұйымның мүддесін көздеп емес, адам құқын қорғауды көздеп жұмыс істеген жөн. Біз бүгінгідей үстемдікке таласпай, халықаралық стандарттарға ұмтылуымыз керек.

«Бұл мәселеге қылмыстық процесс принципі тұрғысынан келген дұрыс. Біз төрелік атты құбылыстың мәнін жоғалтып алмауымыз қажет. Мәселен, жасырын тергеу амалдарын жүргізу дегенді  енгізді, сөйтіп жедел-іздестіру қызметін жанама қайталап отыр. Бұл жерде бүкіл жедел-тергеу қызметінің принципі бұзылды. Ресмилік жоғалып кетті. Қазір белгілі бір адамға қарсы жасырын тергеу амалдары жүріп жатқанын ешкім білмейді. Ол адвокат та болуы мүмкін. Бұл қудалау қызметкерлерін аранға жығатын жағдай, сондықтан ондайға ешкімнің жолағысы келмейді. Мұнда бәрі жасырын жүргізілгендіктен ол біреудің қолындағы құралға оңай айналып кетеді. Ал шындығында бұл жерде мәселе – жемқорлықта. Сонымен күресу керек. Егер оны азайтатын болсақ, ешкімге ешқандай үстемдік, артық өкілеттілік беру керек болмай қалады», — дейді ол.

Адвокаттардың пікірінше, сот тәуелсіз, тергеу дербес болуы қажет. Қазақстанда тергеу өз бетіне жұмыс жүргізе алмайды. Мәселен, Ресейде Тергеу комитеті тікелей президентке бағынады. Ал бізде билікті бірде бір органға, келесіде тағы бір органға беріп, құзіреттілік пен өкілеттілік жайы қойыртпақ болып кеткен. Сондықтан да елімізде құқық қорғау және сот төрелігі саласы реформаға мұқтаж. Бірінші кезекте сот тәуелсіз болуға тиіс. Ал басты мақсат — адам құқы боп қалуы керек. Болмаса, «тергеуші-прокурор- сот» атты «үш буынды» тактикаға құрылған әділет майданында расында да адвокат сынды «жалғыздың шаңы шықпайтын» түрі бар.


Дереккөз: inbusiness.kz