Дубайда өткен халықаралық SWAT Challenge жарысы өз мәресіне жетті. Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы жасағы әлемдегі үздік үш команданың қатарына енді
Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, бұл беделді сайысқа әлемнің 80 елінен 100-ден астам арнайы жасақ бөлімшесі қатысып, бес күн бойы тактикалық, штурмдық, құтқару операциялары, кепілдегі адамдарды босату және кедергілер жолағын еңсеру бойынша өз шеберліктерін көрсеткен.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» арнайы жасағы үздік үштіктің қатарынан көрінді. «Сұңқар» командасы барлық кезеңде жоғары нәтиже көрсетіп, күміс медаль жеңіп алды. Бірінші орында – Қытай құрамасы.
Айта кетейік, «Сұңқар» арнайы жасағы жарысқа осымен екінші мәрте қатысып отыр. Сонымен қатар Қазақстанның өзге де арнайы жасақ бөлімшелері үздік ондыққа кірді. Олардың қатарында ҚР ҰҚК «Арыстан» және SSN Akta, МКҚ-ның «Сардар» арнайы жасағы, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан құрамасы бар.
Биылғы сайыстың тарихи ерекшелігі – Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының атынан алғаш рет «Томирис» әйелдер командасының қатысуы. Оның құрамында конькимен жүгіру спорты бойынша әлемдік рекорд иегері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, спорт шебері және күштік спорт түрлері бойынша түрлі деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегерлері бар.
«Томирис» командасы барлық сынақтан сәтті өтіп, ерлер командаларымен тең дәрежеде өнер көрсеткен. Нәтижесінде әйелдер арасында Қазақстан құрамасы екінші орынға көтерілген.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ