Вс. Сен 8th, 2024

Қазіргі таңда кеңінен тараған және жедел дамып бара жатқан қылмыстың бірі – интернет желісі арқылы жүзеге асырылатын киберқылмыс. Келтірілген шығын көлемі жағынан да миллиардтаған теңгемен алға озды. 

2023 жылы 44 мың отандасымыз интернет арқылы жасалатын кибер-қылмыстың құрбаны болып, 140 миллиард теңгесінен айырылған. Алаяқтар «Крыша», «Колёса», «ОЛХ», «ҚазПошта», «Қазақтелеком» қызметкерлері мен клиенттері атынан хабарласуды әдет қылған.

Жуырда алаяқтар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс істері және Пәтер иелері комитеті басшысы мен қызметкерлері атынан тұрғындарды алдай бастағаны жөнінде ақпарат тарады.

Жыл басынан бері 7 мыңға жуық кибер-қылмыс тіркеліп, интернет-алаяқтар сенгіш халықтың 12 миллиард теңгеге жуық қаражатын алдап алған. Тіркелген қылмыстардың ішінде 3 мыңға жуығы интернет-сауда түрінде жарнама, хабарландыру беру арқылы жасалса, 2 мыңнан аса қылмыс WatsApp желісі және e-Gov қызметіндегі жеке кабинеттен ұрланған ақпарат бойынша жасалған.

Биылғы жылдың 5-наурызында «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ы еліміздегі zaimer.kz микроқаржы ұйымының клиенттеріне байланысты 2 миллионнан астам қазақстандықтың дербес деректері ұрланғанын жария еткен. Компания басшылығы өздерінің барлық клиенттеріне ескерту хабарламасын жібргенін айтып, елді ескертті. Алайда, алаяқтардан сақтандыру хабарламасы e-Gov қызметінде тіркелген өзге де азаматтарға келіп жатты. Таң қаларлығы, ол адамдар ешқашан микроқаржылық ұйымдардан несие алмаған.

Кибер-алаяқтардың әрекет ету аумағын шамаласақ, тек несие алған азаматтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың жеке мәліметі қолды боп кеткенге ұқсайды. Олай дейтініміз, алаяқтар бір ғана адамға телефон шалып, WatsApp жүйесі арқылы хабарласып қоймай, оның ең жақын туыстарына да байланысып, өзіне ғана белгілі жеке мәліметтерін алға тарта отырып алдау әрекеттері етек алып кетті.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі азаматтарға «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы несие алудан ерікті түрде бас тартуды және банк қызметкерлері телефон арқылы ұсынатын абоненттерге ешқандай жеке деректерді хабарламауды ескертіп отыр. Бұл да кибер-алаяқтықтың алдында дәрменсіз екенімізді көрсетеді.

Ішкі істер министрлігі де дабыл қағып, соңғы 7 жылда елімізде интернет жүйесі арқылы жасалатын қылмыстың ие бермей, көбейіп кеткендігін айтып отыр. Жыл басынан бері 4 мың интернет-қылмысқа қатысы бар 2 мыңнан аса адам жауапқа тартылған. Олардан қашықта отырып өзге кісінің жеке мәліметін басқаруға болатын AnyDesk, TeamViewer секілді арнайы құрылғы орнатылған  170 компьютерлік техника тәркіленіп, зардап шеккендерге 850 миллион теңге айыппұл өндірілген.

Сөз соңында оқырмандарымызға күдікті телефон нөмірлерінен соғылған қоңыраулар мен келген хабарламалар, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы келетін хабарламаларды жіті тексеруді, ресми сайттардан келетін ақпараттың өзін сол ресми мекемеге хабарласу арқылы тексеруді; Сізге ұсынған кез-келген сілтемелерге кірмеуді, жеке деректеріңізді бермеуді және құпиясөз бен банк деректерін мессенджерлер арқылы жібермеуді; күдікті телефон нөмірлерін бұғаттауды және WatsApp, Facebook, тағы басқа әлеуметтік желілердің құрылтайшыларынан шағым түсіріп, ескертуді ұсынамыз. Телефоныңызға түрлі спамдар мен зиянды ақпарат жіберетін сайттарды алдын-ала бұғаттайтын арнайы қосымша жүктеп алу – ол да сіздің қауіпсіздігіңізді күшейте түседі.


Дереккөз: Inbusiness.kz