Қазіргі кезде ТМД елдерінде тек Қазақстан ғана Ресейдің +7 телефон кодын сақтап қалды.
Салдарынан алғашқы қазақстандықтар Google аккаунтына кіруде проблемаға тап болыпты.
Америкалық Google компаниясы Ресейдегі қызметін доғарғанын 2022 жылы жариялады. Сонда оның Ресейдегі кеңселері жабылды. Дегенмен, Google іздеу жүйесі, электронды поштасы және біраз сервистері әзірге қолжетімді. Соған қарамастан, Ресей билігінің өкілдері, «Роскомнадзор» тарапынан Google жүйесін, браузерін және Gmail-ін түпкілікті бұғаттау туралы бастамалар көтерілуде.
Осыған жауабы ретінде америкалық компания Ресейді өз сервистерінен ағытудың жолдарын қарастыра бастады. Мұның зияны Қазақстанға да тигелі тұр. Қазірдің өзінде әлеуметтік желіде шағымданған бірқатар қазақстандық растау кодының жоқтығы кесірінен Google аккаунтына кіре алмай жатқандарына алаңдайды. Олардың топшылауынша, бұл ресейліктерге қатысты шектеулермен байланысты.
Informburo.kz редакциясы да Google сервистерінің қазақстандық пайдаланушыларынан шағымдар түскенін хабарлады. Ел азаматтарының айтуынша, америкалық жүйе қазақстандық ұялы телефон нөмірлеріне растау кодын жібере алмай жатыр, соның салдарынан олар төл аккаунттарына кіру мүмкіндігінен айрылып қалған.
Бұдан бірқатар депутаттардың көмекшілерінің, бизнесмендердің жұмысы да дағдарыпты. Өйткені іскер адамдар жұмыс күнін тиімді ұйымдастыру және жоспарлау үшін кездесулер, жиын-отырыстар, келіссөздер туралы мәліметтерді Google күнтізбесінде тіркететіні мәлім.
Рейсінен қалып, әбігер болғандар да табылды. Себебі, авиабилеттер туралы электронды хат, қонақүйді брондаудың растау хаттары және басқасы Gmail-ға түсіп, адамның күнтізбесіне автоматты түрде қосылады.
Осының алдында Ресей Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі «Новости» агенттігіне түсініктемесінде, Google компаниясы Ресейдегі пайдаланушылардың жаңа аккаунттарды ашуына шектеу қойғанын мәлімдеді.
Ресейлік сияқты, қазақстандық нөмірлер +7 кодынан басталатындықтан, америкалық сервис қазақстандықтарды да «ресейліктер» деп қабылдауы ықтимал.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қалыптасқан жағдайға түсініктеме берді. Ведомство қазақстандықтарды бұғаттаудың Ресеймен байланысты екеніне сенбейді.
Министрлік сарапшыларының түсіндіруінше, Қазақстан шынында да Ресеймен арадағы келісімге сәйкес, көршінің +7 интеграцияланған халықаралық кодын пайдаланады. Бірақ осы келісім аясында DEF-кодтарды пайдалану ажыратылған көрінеді.
DEF-кодтар немесе DEF-кодировкалар дегеніміз – нумерация жүйесіндегі категорияларды немесе әртүрлі қызметтерді анықтау үшін қолданылатын арнайы кодтар. Екі ел арасындағы келісімде дәл осы кодтар әрбір ел арасында жеке бөлінген күйде пайдаланылатыны жазылған. Бұл «байланыстың дұрыс жұмысын қамтамасыз ету және шатасуды болдырмау» үшін қажет екен.
Алайда америкалық Google Қазақстан-Ресей арасындағы келісіммен таныс емес сияқты.
Цифрлық даму министрлігі Google-де жаңа аккаунттар ашуға қатысты Қазақстанда проблема жоқтығына сенімді. Сондай-ақ +7 халықаралық коды бойынша SMS-хабарламалар алуда да қиындық көрмепті.
Дегенмен, Google және басқа жаһандық техногиганттар Ресей тұрғындарына қатысты да жаппай тыйым мен санкция енгізген жоқ. Егер енгізіп жатса, одан Қазақстан тұрғындарының қорғалатынына кепіл жоқ.
Цифрлық даму министрлігі жауапкершіліктен қазірден жалтарып отыр: ол аккаунт ашуда немесе смс-хабарлама алуда проблемаға жолыққан жекелеген пайдаланушылар болса, оларға қазақстандық министрлікке емес, қажетті көмек алу үшін тікелей Google-дің техникалық қолдау қызметіне жүгінуге кеңес берді.
Осылайша, шенеуніктердің қабылдаған теріс шешімінен қазақстандықтар зардап шегіп жатса, халық қиындықпен жалғыз қалуы ғажап емес.
Қазақстан кейінгі бесжылдықта телефон кодын ауыстырудың мәселесін қарастыра бастаған болатын. Цифрлық даму министрлігін басқарып тұрған тұста Бағдат Мусин мұның стратегиялық маңызы барын дәлелдеп бақты.
Дәйектеуінше, Қазақстан телефон кодын қазір ауыстырмаса, кез келген күні елдің ұялы және сымды байланыссыз қалу қаупі бар.
Кеңес Одағы ыдыраған соң оған кірген республикалар жаңа халықаралық телефон кодтарына қол жеткізді. Бұл ретте тек Қазақстан ғана Ресей мұрагерлікке алған +7 коды аясында қалды. Соның кесірінен, бүгінде, Ресейдегі сияқты, Қазақстанда сымды телефонның да, ұялы телефонның да нөмірлері осы саннан басталады.
Жалпы, дүниежүзілік телефон нумерациясы 9 аймақтан құралған. Жаһандық байланыс аймағының жалпы ресурсы үш мәнді 700 кодтан тұрады. Ал әлемде 210-ға жуық тәуелсіз мемлекет не территория бар.
Телекоммуникация мамандарының түсіндіруінше, ХХ ғасырда Халықаралық электр байланыс одағы 7-ші аймақты КСРО республикаларына арналған «ортақ нумерациялық кеңістік» ретінде айқындапты. Алайда азаттыққа қол жеткізген республикалар Мәскеумен ортақ ештеңе иеленгісі келмей, бұл аймақтан жаппай шығып кетті. Яғни, бұл салада да тәуелсіздік алды.
Сондықтан +7 аймағы түптің түбінде түрлі халықаралық санкцияларға ілігуі мүмкін. Содан 2021 жылдың соңында сол кездегі Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин елден «сүйінші» сұрап, жақсы жаңалығын бөлісті.
«Жақсы жаңалық! БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дфе кодын бөлді. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда шетелдіктердің телефонында «Қазақстан» деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да барлық жерде «Қазақстан» деген сигнал шығады. Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін 2020 жылдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды резервке қойылды! Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр», – деп мәлім етті Б.Мусин.
Министрлік мұның Қазақстанның төл бастамасы екеніне екпін түсірді. Сондай-ақ министр бұл қадамның бірнеше оң тұсын атады. Біріншіден, бұл фактор тәуелсіздік пен егемендікті нығайтады. Ұлттық кодтың аты – ұлттық код: Бұл жерде мемлекеттің халықаралық бедел-имиджі бәске тігіліп отыр.
Екіншіден, +997 кодына толық көшу Қазақстанға ұлттық нумерациялық ресурсты Ресейден тәуелсіз, өз білгенінше бөлуге мүмкіндік береді.
Телекоммуникация маманы Болатбек Абзалдың түсіндіруінше, бүгінде 7-ші аймақтың ресурстарын Қазақстан мен Ресей ведомствоаралық келісімге сәйкес өзара бөлісті. Бірақ теңдей емес: резервтерінің басым бөлігі солтүстік көршінің қолында қалды.
Көршіде нумерация аймақтары кодтарының бөліске салынбаған мол ресурстары бар, бірақ оны ол бізге бермейді. Резервті Мәскеу өзіне қосқысы келетін өзге өңірлер үшін сақтап отыруы да мүмкін.
Салдарынан, бұл жағдай болашақта ұлттық желіні дамытуды шектеуі мүмкін. Ол тығырықтан шығу үшін Қазақстанға телефон нөмірлерінің санын шексіз-шетсіз соза беруге тура келмек. Мысалы, +7 7172 55 55 55 орнына, +7 7172 55 55 55 55 сияқты. Сөйтіп, әлемге мазақ болуымыз ғажап емес.
Б.Мусиннің пікірі де осыған ұқсас болған: төл телефон кодымыз «ұлттық жүйені кеңейтуге, абоненттер саны мен қызмет сапасын арттыруға да мүмкіндік береді». Сондықтан 2021 жылғы қыркүйекте және қазанда министр отандық операторлармен тиісті Жоспарды пысықтады. Ол мемлекеттің жаңа кодқа біртіндеп, кезең-кезеңмен көшуін қарастыратын. Жаңа және ескі кодтар 2 жыл бойы қатар пайдаланылатыны белгіленді.
Содан кейін қаңтар оқиғалары болды, ізінше посткеңестік кеңістіктің шетінде сұрапыл соғыс басталды. Қазақстандықтар сол бұрынғыдай +7 префиксін теріп жүр. Жаңа код енгізілмеді.
Ақыры 2023 жылдың соңында Бағдат Мусин еліміздің тәуелсіз +997 кодына көшпейтінін түпкілікті мәлімдеді. Бұған ол белгісіз бір «қоғам өкілдерінің шағымдары» себеп болғанын алға тартты. Басқа дәлел айтпады. Бұл дәйектеме сын көтермейтіні сөзсіз.
Шенеуніктер ұлттық код мәселесінде тосыннан табаны тайғанақтай жөнелмегенде, Цифрлық даму министрлігінің жоспары бойынша Қазақстан +997 кодына 2023 жылы көше бастайтын еді.
Атап айтқанда, ішкі байланыс кезінде қысқа нөмірді пайдалануға мүмкіндік беріледі. Онда елдік код қолданылмайды. Мысалы, бүгінде +7701 555 55 55 нөмірі болашақта толық көлемде +997 701 555 55 55 болар еді. Бірақ елдің ішінде тек 701 555 55 55 деп терсе, жеткілікті.
Қазіргі кезде +997 коды резервте тұр. Алайда Қазақстан оған көше алмайды. Министрліктен кетерінің қарсаңында журналистерге сұхбат берген Бағдат Мусин +7 коды бойынша Ресеймен бірге жаңа үкіметаралық келісім бекітілетінін айтты. Жетінші нумерация аймағын пайдалану туралы бұрынғы, 2006 жылғы келісім тек телекоммуникация әкімшілері арасында бекітіліпті.
«Ескі құжат бойынша тараптардың біреуі осы келісімшарттан бас тартамын десе, жарты жыл бұрын екінші тарапты хабардар етуі керек, содан кейін келісім бұзылады. Онда біз кодсыз қалуымыз мүмкін. Сол үшін осы мәселені қайта қалпына келтіру үшін Ресеймен бір мәлімдемеге келдік. Келісім үкіметаралық мәртебеде болады, Парламенттің ратификациялауынан өтеді. Бас тарту пункттері алынып тасталады», – деді Бағдат Мусин.
Яғни, келешекте ол келісімнен де, +7 аймағынан да Қазақстанның бас тартуына болмайды.
Дереккөз: inbusiness.kz