Пт. Июл 18th, 2025

Полиция жалған арақ сататын 6 мыңнан астам бизнесменді әшкереледі.

Республикада заңсыз алкоголь өнімдерін шығаруға қатысты қылмыстар төрттен бірге артып шыға келген.

Бас прокуратурның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің алаңдаушылық туғызатын осы статистикасына Finprom мониторинг агенттігінің сарапшылары назар аудартты.

Тек биылғы бірінші жартыжылдықта елде ішімдіктерді заңсыз сатумен, «самопал» саудалаумен байланысты 4,2 мыңнан аса әкімшілік іс қозғалды. Бұл былтырғы ұқсас мерзімге (3 356 іс) қарағанда 24,9%-ға көп.

Сондай-ақ, әкімшілік жазаға тартылған адамдардың саны да 25%-ға көбейіп, 2,7 мың адамға жетті. Былтыр 2 168 адам әкімшілік жауапкершілік арқалаған екен.

Заңның декриминализациялануы нәтижесінде ұсталғандар негізінен, әрі кетсе, айыппұлмен құтылады. Осыған байланысты жалған арақ-шарабымен тұтылғандарға салынған айыппұлдың жалпы көлемі ғаламат 47,3%-ға артып, 369,3 млн теңгеге жетті. 2024 жылдың жартыжылдығында бұл сома 250,8 млн теңгені құраған еді. Биыл салынған айыппұлдың әзірге 300,7 млн теңгесі өндірілді.

Қазақстан азық-түлік түрлерінің көбісімен өзін толық қамтамасыз ете алмайды. Ал, алкоголь өнімдерімен толық қамтамасыз етеді екен. Мұны Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Коньякқа деген қажеттілігін – 75,3%-ға, шарапқа – 61,7%-ға, сыраға – 90,2%-ға өтеді. Шетелдігін таңдап, талғап ішетіндер бар. Сондықтан салада импорт та үлеске ие, бірақ еншісі мардымсыз: 3,4 миллион литр.

Салыстырсақ, жыл басындағы төрт айда Қазақстан 21 миллион литр спиртті сусын өндірген. Былтырғы қаңтар-сәуір аралығындағы өндіріс көлемі 20,4 миллион литр болған еді. Демек, заңды өндірісі де қарқынды өсуде.

Статистикашылар арақ-шарап экспортының тым аз екеніне назар аудартады: биылғы 4 айда 300 мың литрі ғана жаһандық нарыққа жеткізілген. Бұл – елде өндірілетін ішімдіктерді тегіс дерлік қазақстандықтардың өзі ішіп қояды деген сөз.

Жалпы алғанда, қазақстандығы бар, шетелдік өнімі бар, биылғы 4 айда Қазақстан тұрғындары 24,4 миллион литр спиртті ішімдіктерді сіміріп тастапты.

Алкоголь өнімдерінен жиналатын акциз салығы жыл сайын көтеріледі. Бұл осы тауардың ақырғы құнының қымбаттауына соқтырды. «Бөтелкенің түбінен» тағдырын іздегендерді бұл да тоқтата алар емес. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ішімдіктердің бағасы орта есеппен 9,9%-ға күрт қымбаттады.

Салыстырғанда, азық-түлік тауарларының бағасы осы кезеңде 8,1% көтерілген. Яғни, арақ тамақтан да құнды болып тұр. Сарапшылар 2020-2022 жылдары алкогольдің қымбатшылығы азық-түлік инфляциясынан анағұрлым төмен болғанын қаперге салады.

2023 жылдан кейін жағдай өзгерген: спиртті ішімдіктердің бағасы азық-түліктен оза қымбаттай бастады. Бұл да қауіпті үрдістен хабар берсе керек.

Өңірлер арасында алкоголь бағасының артуы Батыс Қазақстан облысында тіркелді: 14,6%. Одан кейін Түркістан (14%), Жамбыл (12,5%), Қарағанды (12,2%) және Атырау (11,7%) облыстары орналасты.

Құзырлы органдар Қазақстанда бутлегерлікпен (bootlegging, спирт ішімдіктерін астыртын әрі заңсыз сату) күрес жанданғанына сендіреді. Алкогольді қолдан жасайтындарды және оны заңсыз өткізетіндерді анықтау және құқық бұзушылықтың жолын кесу үшін Ішкі істер министрлігі 2024 жыл қорытындысында 6 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісін тауып, жауапқа тартты.

Олардың үштен бірі сот шешімі бойынша лицензиясынан айырылды. Яғни, арасында күндіз заңды, түнде заңсыз өнім шығарумен айналысқан спирт зауыттары да болған.

ІІМ дерегінше, Қазақстан бойынша рейдтер барысында самогон қайнату, алкоголь суррогатын сату және басқа да заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысудың 3 мыңнан астам фактісі әшкереленген.

Тағы бір көңілсіз жайт: қоғамдық орындарды патрульдеу барысында полицейлер соңғы бір жыл ішінде көшеде арақ ішудің немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүрудің 200 мыңнан астам фактісін анықтады.

Бір ұсталған адам ескі «әніне» қайта басуы мүмкін. Өйткені заңнаманың осы талабын қасақана бұзушыларға сот 1 жылға дейінгі мерзімге алкоголь өнімдерін тұтынуға тыйым салады. Сот үкімін бұза берсе, оларды профилактикалық есепке қояды. Басқа қауқары жоқ.

Қаржы мониторингі агенттігі 2024 жылы және 2025 жылдың басынан бері суррогат алкоголь өндірісі бойынша 54 қылмыстық іс тіркеді. 25 жерасты цехы жойылды. Заңсыз айналымнан 205,4 мың бөтелке суррогат сусындары, 354 мың литрден астам спирт және құрамында спирті бар сұйықтықтар, сондай-ақ 61 мың контрафактілік акциз белгілері тәркіленген.

Дегенмен, депутаттар мұның бәрін «зая тірлік» деп бағалады. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев уға (алкогольге) у қосып (самопал жасап), қазақстандықтарды қынадай қырып жатқан қылмысты құрықтауда құзырлы органдар қауқарсыздық танытып отыр деп пікір білдірді.

«Ел арасына самопал қайта тарап барады. Аймақ түгіл, Астанадағы сөрелердің өзінде самсап тұр. Жертөледе жасалған, тұтынғанды табытқа тастайтын удан отандастарымызды құтқару үшін әрекет қылмау жауапсыздық. Біз мұнда алкогольдің акцизін көтеріп, ішімдікті қол жетпестей қымбат қыламыз деп күресіп жүргенде заңсыз жасалған алкоголь сататындар дүкен біткенді умен толтырып, содан қисапсыз ақша табуда. Ол удың бағасы арзан. Қолдан жасалған алкогольді бір жұтқан адам оның тұзағына түседі. Бір қатерін айтайын: қылмыстық жолмен алкоголь дайындағандар техникалық спиртке метанол қосады екен», – деді мәжілісмен.

Салдарынын, оның мәліметінше, адамдар соқыр болып қалады, ақылынан алжасады, нашақордай тәуелді болады. Кейде алкогольден ажырай алмайтындарға техникалық спиртті сатып жіберсе, ол адам тірі қалмайды.

Қазақстанда бұл сұмдық белең алды. Мысалы, Шымкентте қолдан жасалған алкоголь өнімдерін дайындаған цех анықталды. 3 жылдан бері ерлі-зайыптылар ешкімнен қорықпастан халықты улап келген. Бүгінге дейін 309 миллион теңге табыс тапқан. Қымбат көлік пен қымбат сарайда шалқып жүрген олар 3 жылда мыңдаған адамды улап бітті. Тексеру кезінде цехтан 24 мың жалған акциз, 9 мың литр этил спирті табылды.

Қолдан жасалған ішімдік сататындар миллион емес, миллиардтарды қалтасына басып шалқып жүр. Бір топты жойса, оның орнында он тобының пайда болатыны содан. Самопалдан 2021 жылдан бері бір ғана Шымкентте 240 адам уланып өлген.

Қостанай және Ақмола облыстарында алкогольге уланып, 2 күнде 15 адам қайтыс болды. Мемлекет күреспен қаншама жылды өткерсе де аталған адам өлтіретін заңсыз бизнестің өскені болмаса өшкен жоқ.

Әлеуметтік желіде заңсыз жасалған алкогольді сатқан дүкенді әшкерелейтін «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің видеосы тарады. Еш құзыры, құралы жоқ, байқампаз, белсенді жастар Астана қаласының өзінен 1 жылда суррогатты алкоголь сатқан 200 дүкенді (!) анықтаған.

Дүкендер күніне орта есеппен 30 литр заңсыз алкоголь сатумен айналысыпты, мұныңыз 60 бөтелке. Бағасын 600 теңге деп қойыпты. Қарапайым арифметикаға салғанда 200 дүкен самопал алкогольден күніне 7 200 000 теңге, жылына 2,6 млрд теңге табыс тауып отыр.

Салдары сұмдық, 1 дүкен айына 900 литр заңсыз жасалған алкогольді азаматтарымызға сатып улаған. Депутаттар Астанада ахуал осындай болса, аймақтағы жағдай жан шошырлық екеніне сенімді. Елорда төрінде де ұялмай суррогат ішімдік сататындар жазадан жеңіл құтылады.

Себебі, белсенді жастар қолдан жасалған алкогольді тауып, оқиға орнына полицияны шақырса олар ешкімді тұтқындамайды, сауда орнын жауып тастамайды. Тек дүкен иесін шақырып, әкімшілік хаттама толтырып, адам улағандардың 39 мың теңге айыппұлмен құтылуына жол береді.

Мұнда депутаттардың айыбы да болса керек, өйткені полиция заң қабылдамайды, жазаны өзі ойлап таппайды, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің баптарына сүйенеді. Ал, Парламент жаңа жазаны ойлап таба алады.


Дереккөз: inbusiness.kz