Astana IT University (AITU), Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) және Халықаралық бизнес университеті (UIB) Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен бірқатар жаңа келісімдерге қол қойып, халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуде. Бұл бастама ғылым мен білім саласында өзара тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және технологиялық инновацияларға жол ашып отыр.
Келісімдер Ғылым қызметкерлері күні аясында жүзеге асқан маңызды қадамдардың бірі болды. Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен өткен ресми кездесуде Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев қазақстандық білім беру жүйесінің Қытайда кеңею болашағын және академиялық бастамаларды мемлекеттік деңгейде қолдау механизмдерін талқылады.

AITU: жасанды интеллект және Big Data бағытында серпіліс
Astana IT University Zhejiang College of Security Technology және Yalong High-Tech ұйымдарымен ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол қойды. Аталған келісімдер аясында робототехника зертханасы ашылып, оқытушыларға тағылымдамалар ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар, Peking University және Beijing University of Information Technology and Science (QS 430) университеттерімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде халықаралық жазғы мектептерге, ғылыми жобаларға және жасанды интеллектке бағытталған бағдарламаларға жол ашылды. BIT университетімен (QS 302) Big Data Analytics бойынша бірлескен бағдарлама іске қосылады.
IITU: академиялық ұтқырлық және жаңа зертханалар
IITU Xi’an University және Northwestern Polytechnical University (NPU) университеттерімен жаңа серіктестік орнатты. NPU университеті IITU-ға Қытай мен Қазақстанның элиталық университеттер альянсына кіруді ұсынды. Сонымен қатар, YALONG компаниясымен бірлесіп заманауи зертханалар құру жөнінде келісім жасалды. IITU сондай-ақ China Jiliang University және Zhejiang A&F University жоғары оқу орындарымен академиялық алмасу, білім сайыстары және гранттық бағдарламаларды қамтитын серіктестік орнатты. Zhejiang College of Cybersecurity-мен келісім IITU студенттеріне халықаралық CTF-турнирлерге қатысу мүмкіндігін береді.

UIB: қос диплом және зерттеулерге жаңа серпін
UIB – Beijing Information Science & Technology University (BISTU) университетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған алғашқы қазақстандық университет болды. Сонымен қатар, университет делегациясы Peking University, Beijing Institute of Technology (BIT) және басқа да жетекші жоғары оқу орындарымен кездесті. Ынтымақтастық шеңберінде қос диплом бағдарламалары, оқытушылар мен студенттер алмасуы және бірлескен ғылыми жобалар іске асырылатын болады.

Дамудың негізі – жүйелі қолдау
AITU, IITU және UIB – University Alliance of Science and Technology бірлестігінің мүшелері. Аталған альянс NNEF қоғамдық қорының бастамасымен құрылған. Қордың құрылтайшысы – Динара Құлыбаева. Оның стратегиялық көзқарасы мен жүйелі қолдауының арқасында университеттер халықаралық деңгейде серпінді дамып келеді.
Сондай-ақ, Тимур және Динара Құлыбаевтар негізін қалаған «Халық» қайырымдылық қоры білім, ғылым және дарынды жастарды қолдауға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға маңызды үлес қосып отыр.
Қытайдың жоғары білім беру жүйесі әлемдегі ең қарқынды дамып жатқан салалардың бірі саналады. Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында жүзеге асқан мұндай бастамалар қазақстандық университеттердің жаһандық ғылым мен технология кеңістігінде орнын нығайтып, жаңа буын мамандарын даярлауға мықты негіз қалайды.
Дереккөз: inbusiness.kz