Чт. Июн 12th, 2025

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін алу кезінде 073/е медициналық анықтамасын автоматты түрде тексеруді енгізді

«Енді азаматтарға «Жүргізуші куәлігін беру» мемлекеттік қызметін алу кезінде медициналық анықтаманы қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ. Медициналық тексерудің нәтижесі автоматты түрде ИАЖ ХҚКО-ға келіп түседі.

Бұл жаңашылдық өтініштердің қарау мерзімін жеделдетуге, жалған құжаттарды ұсыну жағдайларын болдырмауға және жүргізуші куәлігін алу рәсімінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді», — делінген «Азаматтарға арналған үкімет» хабарламасында.

Мемлекеттік корпорациясы өкілдерінің хабарлауынша, аталған бастама ауқымды цифрлық трансформацияның бір бөлігіне айналды және бұл мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыру арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

«Айта кету керек, жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталмай тұрып ауыстырылған жағдайда, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Сондай-ақ психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден анықтама ұсыну қажеттілігі жоқ», — деп еске салды Мемлекеттік корпорация өкілдері.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ