Сб. Май 31st, 2025

ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаменті «HRT» атауымен белгілі қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты

ҚМА мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға заңды инвестициялық жоба ретінде ұсынылған схеманы жарнамалап, оған электросамокаттарды сатып алу және оларды Еуропа елдерінде жалға беру арқылы пайда табуға болады деп сендірген.

«Жобаға қатысу үшін қатысушылардан арнайы «HRT» шотына криптовалюта аудару талап етілген. Негізгі шарт – кем дегенде екі жаңа салымшы тарту болатын.

200-ден астам азамат жобаға 50 АҚШ долларынан 35 мың АҚШ долларына дейінгі қаражаттарын салып, ай сайын 1 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып отырамыз деп үміттенген», — делінген хабарламада.

Заңсыз алынған кірістің жалпы сомасы 28 миллион теңгеден асқан.

«Тергеу барысында күдіктілер салымшылардың ақшасына екі автокөлік – «BMW 530I Xdrive» және «Changan Alsvin» сатып алғаны анықталды. Аталған көліктерге сот санкциясымен тыйым салынды».

Күдіктілерге қатысты үйқамақ ретіндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта «HRT» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін еліміздің жеті өңірінде – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында құру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жариялауға жатпайды.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS