Чт. Ноя 21st, 2024

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Қазақстан билігі Талибанды тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпы, «Талибан» қозғалысы 1986-87 жылдары пайда болды. Әлемнің көптеген елдерінде ол тыйым салынған террористік ұйым ретінде танылған. «Талибан» Ауғанстанды 1996 жылдан 2001 жылға дейін басқарды. Ал 2021 жылы американдық әскерлер елден шығарылғаннан кейін қозғалыс билікке қайта оралды.

«Қазақстан елде тыйым салынған террористік ұйымдардың ұлттық тізімін жаңарту мақсатында жүйелі түрде тексеріп отырады. Осы процестің бір бөлігі ретінде БҰҰ тәжірибесіне сәйкес «Талибан» қозғалысын одан шығару туралы шешім қабылданды. Осылайша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің міндетті болып табылатын қарарларына сәйкес, «Талибан» қозғалысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік деп таныған ұйымдардың тізіміне кірмейді.

Сондай-ақ, саяси байланыстарға қатысты, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған шешімдер мен қарарларды қатаң ұстануды жалғастыратынын атап өткім келеді», — деп түсіндірді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Айта кетсек, «Талибан» Ауғанстан армиясының позицияларына шабуыл жасап, тамыз айына қарай Ауғанстанның көп бөлігін бақылауға алды. Ал 15 тамызда ел астанасы Кабулды басып алып, Ауғанстанды толық бақылауға алғанын жариялады.

Сонымен қатар,  «Талибан» әртүрлі елдермен, соның ішінде Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға және әлемдік қауымдастық алдында өзін қалпына келтіруге тырысады. Олар жақын көршілерімен белсенді сауда қатынасын орнатып жатыр.


Дереккөз: inbusiness.kz