Чт. Ноя 21st, 2024

Ең жоғары өсім төрт өңірде тіркелді. 

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық дамудың көрсеткіштеріне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

«Биылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша ел экономикасы 4,2%-ға өсті. Нақты секторда оң динамика байқалуда. Нақты сектор – 5,1%-ға, ал қызмет көрсету саласы 3,5%-ға артты. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 7,9%-ды құрап, қаңтардағы 0,6%-ға қарағанда айтарлықтай жеделдеді», — деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзінше, инвестициялар көлемі құрылыста – 2,7 есеге, білім беру – 56%-ға, көлік және қоймалауда – 47%, ақпарат және байланыста – 45%, өңдеу өнеркәсібінде – 37%, ауыл шаруашылығында 12%-ға өсті. 

«Өңірлер арасында ең жоғары өсім Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды. Ақмола, Атырау және Маңғыстау облыстарында инвестиция көлемінің төмендеуі байқалады. Алдын ала қорытынды бойынша биылғы қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 10 млрд доллардан асты», — деді Нұрлан Байбазаров.


Дереккөз: Inbusiness.kz