Пт. Ноя 22nd, 2024

Қазақстан құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 2022 жылғы Жазғы Азия ойындарын аяқтады, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Азиаданың барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құрлық ойындарының аяқталуымен құттықтайды. Біздің спортшыларға ойындарда жұмсаған күш-қайраты мен ынта-жігері үшін алғыс айтамыз, сіздер киян-кескі ымырасыз күресте жоғары нәтижеге қол жеткізген нағыз батырсыздар.

Сонымен қатар, спорт жарыстарының әр кезеңінде көрсеткен мықты қолдауы, адалдығы мен шыдамдылығы үшін жаттықтырушыларға, спорт қоғамдастығына, құрама жанкүйерлеріне және барлық қазақстандықтарға ерекше алғыс білдіреміз.

2022 жылғы Азия ойындарына қатысу барысында Қазақстан құрамасы барлығы 80 медаль жеңіп алды. Біздің спортшылар 10 алтын, 22 күміс және 48 қола жүлдеге ие болды. Медальдық қорытынды есепте Қазақстан құрамасы 11-орында.

Қазақстан құрамасы қатарында Азиада ойындарына спорттың 30 түрінен 525 спортшы қатысты. Төрт спортшымыз Париждегі 2024 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия ұтып алды. Бессайысшылар Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин, сондай-ақ боксшылар Қамшыбек Құнқабаев пен Карина Ибрагимова жарысты квота алумен аяқтады.

Біздің спортшылар қатысқан спорттың соңғы түрлері каратэ және көркем жүзу болды. Бұл ретте соңғы күні қазақстандық спортшылар күміс және қола медаль жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетейік, Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтті. Ойындар аясында спорттың 61 түрі бойынша 481 медаль ойнатылды.

Ақпарат үшін:

ҚР ҰОК тәуелсіз коммерциялық емес қоғамдық ұйым болып табылады. ҚР ҰОК миссиясы олимпиадалық қозғалысты дамыту және қорғау, олимпиадалық құндылықтарды ілгерілету болып табылады.

Ханчжоудағы Азия ойындары туралы барлық соңғы жаңалықтарды www.olympic.kz сайтынан және ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми аккаунттарынана көре аласыздар.


Дереккөз: ҚР ҰОК баспасөз қызметі