Мемлекет басшысы Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік құрам сапында табысты қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан офицерлермен және сарбаздармен кездесті. Президент елімізге жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келген әскерилер ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсеткенін, сол арқылы Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделі көтерілгенін атап өтті.
«Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз», – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.
Президенттің айтуынша, еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан. Мемлекет басшысы олардың ішінде Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар да бар екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген ел бітімгерлік күштерге қосылуға ұмтылатынына, бірақ бәріне бірдей сенім артыла бермейтініне назар аударды. Қазақстанға осындай мүмкіндік беріліп отырғанын, бұл ретте ұлттық армиямыз былтыр тағы бір тарихи қадам жасағанын айтты.
«Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет», – деді Президент.
Жоғарғы Бас қолбасшы сарбаздарды маңызды миссияларға даярлау ісіне айрықша назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде әскери қызметшілерді түрлі дағдыларға бейімдеп, оларды халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс атқарылды.
«Бұл әскеріміздің аса күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетеді. Сіздер Сирия дағдарысының шешуші сәтінде ұтымды әрі батыл әрекет жасадыңыздар. Қазақстан армиясының кәсіби деңгейі жоғары екенін дәлелдеп бердіңіздер. Сол күндері қазақ жауынгерінің асқақ рухы мен қайсарлығына бүкіл әлем куә болды. Сіздер қауіпті аймақтарда жұмыс істеп, ерен ерлік көрсетіп, мол тәжірибе жинап келдіңіздер. Енді осы тәжірибені бөлісіп, басқа да әскери қызметшілерді үйрету қажет. Бітімгерлік миссия кезінде меңгерген жаңа дағдыларды еліміздің әскер даярлау жүйесіне енгізу өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, Қазақстан жер жүзіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға белсенді түрде атсалыса бермек.
«Қарулы күштер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты тіректерінің бірі. Ең алдымен, сарбаздары мен офицерлерінің рухы асқақ, кәсіби деңгейі жоғары, жауынгерлік машығы мінсіз, тәртіп пен тазалықты мүлтіксіз сақтайтын әскер қуатты болады. Армия – қайсарлыққа баулитын, жігерді жанитын нағыз мектеп. Сіздер азаматтық борыш пен әскери антқа адалдық танытып, шынайы патриотизмнің үлгісін көрсеттіңіздер. Мінсіз қызметтеріңіз өскелең ұрпаққа өнеге. Мемлекет басшысы ретінде мен қауіпсіздік және құқық қорғау саласына әрдайым айрықша көңіл бөлемін. Жақында Ақордада арнаулы жасақтар арасындағы беделді халықаралық жарыстан жүлдемен оралған күштік құрылым қызметкерлерін марапаттадық. Жалпы, әскери бөлімдер мен күштік құрылымдардың беделі мен даярлық деңгейі едәуір өсті. Құқық қорғау және арнаулы органдар қылмыспен күресте, терроризм мен есірткі бизнесінің жолына тосқауыл қоюда тиімділігін көрсетіп келеді. Алайда босаңсуға мүлде болмайды. Алдымызда мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту міндеті тұр», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз ел болуға тиіс деп санайды. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шара қабылданып жатыр.
«Заң мен тәртіп», отаншылдық пен жауапкершілік – әскери қызметшілерге ғана емес, еліміздің барлық азаматтарына ортақ аса маңызды құндылықтар. Осы жасампаз қасиеттер қоғамда жан-жақты дәріптелуге тиіс. Себебі біз қазір бәріміз бір ел болып Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге жауынгерлік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін тағы да алғыс айтып, оларға тілекші болған жақындары мен отбасыларына ризашылығын білдірді.
«Қазақта «Ердің ісі – елдің ісі» деген сөз бар. Сіздер елдік пен ерліктің туын биік ұстап жүрсіздер. Алдағы уақытта да қасиетті Отанымызды қорғап, табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Армиямыздың айбыны арта берсін! Еліміз аман, әскеріміз қуатты болсын!» – деді Президент.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы әскери борышын үлгілі атқарғаны, Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады.
ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS