Пт. Июн 6th, 2025

Қарағанды сотында 15 жастағы қызды тұрмысқа беру дерегіне қатысты іс қаралып жатыр. Білім бөлімі қыздың анасын ата-ана құқығынан айыруды талап етті. Ал кәмелетке толмаған қызды әйелі қылған деген күдікке ілінген 38 жастағы азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол тергеу абақтысына қамалған


«Оны жазған арызын қайтарып алуға аналар көндіріпті. Алғашындағыдай емес, қазір қызым анасына мейірімі оянып, сөйлесе бастаған. Олар болса, осыны пайдаланып, өздерінікін істеп отыр. Менің төрт баламнан бөлек, оның казіргі күйеуінен тағы екі баласы бар», — дейді қыздың әкесі.

Қыздың туған әкесі бұрынғы әйелі балаларға қысым көрсететіндіктен, тезірек оларды өз қолына алғысы келетінін айтып отыр.

Естеріңізге салсақ, оқиға Абай қаласында болған. Анасы мен өгей әкесі 15 жастағы қызын күйеуге беріп жіберген деп күдіктелуде. Алайда жеткіншек бес күннен кейін туған әкесіне қашып келіпті. Ол бірден қызын полицияға ертіп барып, арыз жазады. Тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған қызға үйленген деп күдіктелген 38 жастағы ер адамды Астанаға қашып бара жатқан жерінен ұстап алып, қамауға алды.

Қыздың анасы, өгей әкесі, күдікті де — діни ағымның өкілдері. Қыздың әкесі сол ағымның тәртібіне сүйенген болып, баланы ересектің етегінен ұстатқан дейді. Оның қолындағы басқа балалар да осы күйді кешпес үшін білім бөлімі де әйелді ата-ана құқығынан айыруды талап еткен.

«Қаршадай баланы күйеуге беріп жіберген. Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия отырысында қыз оны растап берді. Бес күн бойы қыз бала өз үйінде қонбайды. Оны шешесі іздеу салып, полицияға арыз түсірмейді. Демек бәрін білген. Қазір білмей қалдым деп отыр. Комиссия шешімі бойынша, біз сотқа арыз түсірдік, балаларды қорғау органдарының қарауына өткізу үшін», — дейді Абай ауданы білім бөлімінің бас маманы Марина Стрельникова.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ