Сб. Янв 18th, 2025

Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы Жетісу облысында қаза тапқан сарбаздың өліміне қатысты пікір білдірді

Ведомство мәліметінше, 14 қаңтарда Сарыөзек гарнизонында далалық оқу-жаттығу кезінде әскери қызметші қаруды қолдану ережелерін бұзу салдарынан өмірге қауіпті жарақат алып, қаза тапқан.

«Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы жетекшілік ететін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр», – делінген таратылған хабарламада.

Сарбаз қызмет барысында өзін жақсы жағынан көрсеткені айтылған. Бөлімше басшылығына шағымдар немесе өтініштер түспеген. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындаған.

«Біз ата-анасының қайғысын түсінеміз және орны толмас қазаны бөлісеміз. Әрбір командир үшін сарбаздың қаза табуы – үлкен қайғы. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы сарбаздың туыстары мен жақындарына көңіл айтады және қажетті көмектің барлығы көрсетіледі», – деп толықтырды қолбасшылық.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS