Чт. Дек 26th, 2024

Сонымен қатар, мәжілісменнің бір өтірігі әшкереленді. 

Депутаттар, блогерлер, ақпарат құралдары жабылып, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты орнынан кетіріп тынуы ғажап емес. Осы мақсатта тіпті министрдің әйелінің он жыл бұрынғы ескі клипін суырып алып, қайта жариялап, қоғам өкілдерінің ашуын туғызды. Министрдің әйелінің әлеуметтік желіде әлдекімдер қайта таратқан видеоклипінде әскери техника колонналары, тікұшақ көрсетілген. «Соғысқа дайындалу орнына клипке декорация болып жатыр ма?» деген сұрақтар қойылды.

Жағдайға Қорғаныс министрінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин түсініктеме берді.

«Тырнақ астынан кір іздеудің қажеті жоқ. Қорғаныс министрінің әйелі қатысқан клип Ұлттық ұланды ұлықтауға арналған және ол шамамен 10 жыл бұрын түсірілген. Бірқатар БАҚ пен блогерлердің сонша жыл өткенде бұдан сенсация жасауға тырысып жатқаны қапаландырады. Мұнда тұрған құпия жоқ. Бұл – сол кездегі Ұлттық ұлан әскерлерінің бірінші әскери-патриоттық және имидждік клипі болатын. Клипте әнді Ұлттық ұланның ән мен би ансамблінің солисті орындады. Түсірілімдер әскери бөлімнің аумағында және оқу полигонында жүргізілді. Әскери техника мен жеке құрамның видеосы әскери дайындықтың жоспарлы жаттығулары кезінде түсірілді. Клипті жасауға ешқандай бюджет қаржысы жұмсалмады. Демеушілер көмегі тартылды. Содан бері клип ғаламторда орналастырылған», – деді Руслан Жангулин.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, «Хабар», «Qazaqstan» және басқа телеарналар әскери-патриоттық бағыттағы телебағдарламалар түсірсе, оған да күш құрылымдары көмектеседі. Бұл ұлттық әскердің бедел-имиджін арттыру үшін қажет.

Алайда қазіргі кезде керісінше, ұлттық армияның беделін түсіруге бағытталған тренд өршігендей. Сол «Qazaqstan» телеарнасында жүргізуші болып істеп жүріп, Мәжіліс депутаты болып сайланған Нартай Сәрсенғалиев «Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалып» жатқанын айтып, Парламент мінберінен дабыл қақты.

«Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаңда ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өзіне қол салуға оқталған», – деді депутат Сәрсенғалиев.

Қорғаныс министрлігі Мәжіліске хатында мұны жоққа шығарып отыр.

«Депутат келтірген 270 қайтарымсыз шығындардың Қарулы күштерде 140 оқиғасы орын алған. Оларға сырқаттану, жол-көлік апаттары, суицид, қаруға және басқасына қатысты қауіпсіздік шараларын бұзу, тұрмыстық жағдайлар себеп болған. Қалған 130 оқиға басқа күш құрылымдарында: Төтенше жағдайлар министрлігінде, Шекара қызметінде, Ұлттық ұланда және Мемлекеттік күзет қызметінде тіркелген. Сондай-ақ «әскердегі 86 суицид фактілері» де шынында барлық күш құрылымдарына тиесілі. Нақтырақ айтсақ, Қарулы күштерде соңғы төрт жылда 40 суицид оқиғасы тіркелді. 2021 жылы – 10, 2022 жылы – 7, 2023 жылы – 12 және 2024 жылы – 11 оқиға», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бақытбек Сыдықов.

Қарулы күштерде өзіне-өзі қол салғандар арасында 7 офицер, 22 «контрактник» (келісімшарт бойынша әскери қызметші), 4 курсант-кадет бар. Кейінгі 4 жылда мерзімді әскери қызметке шақырылған жігіттердің 7-еуі суицид жасапты.

Бақытбек Сапарбекұлы аталған 40 оқиғаның барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалғанын жеткізді. 34 оқиға бойынша қылмыстық істер өндірісімен аяқталып, процестік шешімдер қабылданған. Тергеу барысында өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу белгілері анықталмады. Осыған байланысты, қылмыстық істер қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауы себебінен тоқтатылды. Қабылданған процестік шешімдердің заңдылығын қадағалаушы орган – прокуратура тексерді және келісілді. Сонымен қатар, қазіргі кезде 6 оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жалғасуда. Нақты себептер мен мән-жайлар тергеу қорытындысы бойынша анықталатын болады.

«Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қылмыстың осы түрі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізеді, тергеу барысын Бас әскери прокуратура қадағалайды. Қорғаныс министрлігінің тергеу барысына араласуға немесе ықпал етуге өкілеттігі жоқ. Қоғамдық резонанс тудырған, депутат тілге тиек еткен Ербаян Мұхтар Ішкі істер министрлігіне бағынысты Ұлттық ұланда, яғни басқа мемлекеттік ведомствода қызмет атқарғанын хабарлаймыз», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Б.Сыдықов.

Оның айтуынша, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ведомство басшылығы сарбаздарды казармалық бұзақылықтан оқшаулау және жергілікті жерлерде әскери тәртіпті қамтамсыз ету үшін мүмкін болатын барлық шараларды қабылдауда. Соның нәтижесінде жылдан жылға қылмыстардың, соның ішінде жарғыдан тыс қатынастардың және орны толмас шығындардың азаюының тұрақты қарқыны байқалады. Соңғы үш жылда Қарулы күштерде жарғыдан тыс қатынастардан болатын қылмыстардың саны 43%-ға (40-тан 23 дерекке) азайды. Бір жылда мерзімді әскери қызметке шақырылғандар арасындағы суицид 67%-ға – 3-тен 1 дерекке дейін төмендеген.

Осылайша, Қарулы күштердегі суицидтердің басым көпшілігі мерзімді әскери қызметке алынған жігіттер арасында емес, кадрлық әскери қызметшілер арасында тіркелетіні байқалады. Өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларына сарапшылардың байламынша, кейбір әскери бөлімдердегі әлімжеттік, зорлық-зомбылық, ақша бопсалау, онлайн казино, букмекер сияқты құмаройындарға әуестенушілік (лудомания), әскери қызмет шектеулеріне шыдамай, әйелінің күйеуін тастап кетуі, балаларымен көрісуге мүмкіндік бермеуі, сондай-ақ жалақының төмендігі ықпал етеді.

Депутаттардың дерегінше, айлығы шайлығына жетпейтін әскерилердің жалақысы соңғы рет 2008 жылы ғана көтерілген екен. Бұған депутаттардың өздерінің де кінәсі болса керек. Өйткені қаңтар оқиғаларынан және 2022 жылы посткеңестік кеңістікте басталған соғыстан кейін Қазақстанның Қарулы күштерін қаржыландыруды еселеп арттыру, жаңа әрі озық қару-жарақ, әскери техникамен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне қойылған болатын. Оның бәрі қаржыға тіреледі.

Алайда Forbes хабарлауынша, содан бері Парламент қабылдаған республикалық бюджет аясында әскери шығыстар тек азаюда. Егер 2019 жылдан бері бұл көрсеткіш ең құрығанда ЖІӨ-нің 1%-ынан асып келсе, ал, 2022 жылы қорғанысқа шығындар ЖІӨ-нің 0,5%-ына дейін, 2023 жыл қорытындысында – ЖІӨ-нің небары 0,48%-ына дейін құлдыраған екен. Биыл да осы жағдай қайталанды.

Үкімет пен Парламенттің ұлттық армияны нығайту шығыстарын келесі жылдары да көтеруге ниеті жоқ көрінеді. Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсеновтың мәліметінше, 2025 жылы қорғаныс ведомствосының бюджеті ЖІӨ-нің 0,68%-ын құрайды.

Соған қарамастан, министрлік қолына тиген қаражаты аясында әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруды күшейту шараларын қабылдауда. 2023 жылы ұшқыш құрамының лауазымдық жалақылары көтерілді. Сондай-ақ әскери медициналық жұмысшылардың ақшалай үлесі азаматтық медициналық мекемелердің медициналық жұмысшылары жалақыларының деңгейіне дейін жеткізілді. Жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақылары азаматтық жоғару оқу орындарының деңгейіне дейін көтерілді.

«Бүгінгі күні Үкімет мемлекеттік күштік құрылымдар қызметкерлерінің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесіне көшуін қолдады. Оны 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 кезеңмен – 2025–2026 жылдар бойы жүзеге асыру жоспарлануда. Оған толық көлемде өту барысында Қарулы күштердің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақылары орташа 50%-ға өседі», – деп хабарлады Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақытбек Сыдықов депутаттарға.

Сондай-ақ, әскери қызметшілерге бұрын тоқтатылған жеңілдіктерді қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде екен:

• әскери қызметшілерге коммуналдық қызмет үшін төленетін үстемақыны отбасының әрбір мүшесіне төлеу арқылы көлемін өзгерту;

• әскери қызметшілер мен оның отбасы мүшелерінің жылына 1 рет демалыс орнына барып-қайту үшін жол жүру ақысын тегін етуді қайтару;

• әскери қызметшілердің қоғамдық көліктерде тегін жүруін қайтару;

• әскери қызметшінің жауынгерлік, жұмылдыру, оперативті дайындық бағдарламалары бойынша 1 тәуліктен артық далалық жағдайларда болуы барысында, сондай-ақ арнайы далалық жұмыстарды орындауда тәуліктік норманың 60% есебінен далалық ақшалай үлесті қайтару.

Министрліктің мәліметінше, заңнамаларға келесі өзгерістерді енгізу мәселесі пысықталуда, заң жобасы Мәжіліске енгізілген:

• зейнетақы тағайындау үшін жеткілікті (25 жыл) еңбек өтілі бар, келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша қызметтен шығарылған күштік құрылымның қызметкерлеріне еңбек өтілі үшін зейнеткер құқығын беру,

• 1998 жылдан кейін бірінші рет әскерге келген және 2016 жылға дейін әскерден шығарылған күштік құрылымның қызметкерлерін еңбек өтілі үшін зейнеткерлік төлемдерін индекстеу.

Егер әскери адам 25 жылдан кейін зейнеткерлікке шыға алатын болса, онда әскери қызметке тұруға қызығушылар саны күрт артып, қызметтің беделі артары даусыз.

Қорғаныс министрлігі Президент тапсырмасымен, әскердегі әлімжеттікпен, лудоманиямен және басқа да суицидке, құқыққа қайшы әрекеттерге соқтыратын кесірлермен күрес күшейтілгенін жеткізді.

«Осы мақсатта құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ішкі және ведомствоаралық бағдарламалық құжаттар әзірленіп, оның талаптарын орындауға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Мысалы, әскери бөлімдер мен бөлімшелердің барлығында жеке құрамға бақылау жүргізудің «Серіктес», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» жүйелері енгізілді. Биыл әскерге шақырылғандар видеобайланыс арқылы жақындарымен тұрақты сөйлесіп тұруі үшін «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі енгізіліп, тиісті жабдықтар орнатылды. Құқық бұзушылықтар, мезгілсіз қаза, жарақаттардың алдын алу бойынша тәжірибелік іс-әрекет алгоритмдері қолданылады», – деп сендірді министрдің орынбасары.

Құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу үшін әскери бөлімдерде әрбір әскери қызметші шағым айтып жүгіне алатын профилактикалық кабинеттер, 3 сенім телефондары жұмыс істейді. Қолжетімді орындарда арыздар мен өтініштер үшін жәшіктер орналастырылған.

Бұдан басқа, әскери қызметшілердің мінез-құлықтарына онлайн-бақылау жасау үшін қызметтік үй-жайлар, соның ішінде казармалардың жатын-үй бөлмелері видеокамералармен жабдықталды, үнемі бақылауы үшін штаттық оператор лауазымдары енгізілген.

Армияда ұдайы профилактикалық онкүндіктер, акциялар, «Ойынқұмарлыққа жол жоқ», «Мен лудоман емеспін» сияқты айлықтар, анонимді сауалнамалар, психологиялық тренингтер, дене-мүшелерін қараулар, телефон және видео сөйлесулер жүргізіледі. Ата-аналар өздеріне арналған чаттар арқылы баласына қатысты сұрақтарды тікелей оның басшыларына, командирлеріне қоя алады.

Қарулы күштерде жасанды интеллект жүйесі бар ARMIA.KZ ақпараттық сервисі енгізілді. Оның басты мақсаты – әскери қызмет және Қарулы күштер туралы ашық, расталған және өзекті ақпараттарды ұсыну арқылы азаматтардың әскерге сенімін арттыру.

«Солдаттардың аналары комитетімен» тығыз байланыс және өзара іс-қимыл орнатылған екен: оның өкілдері сарбаздардың әскерге шақырылуынан бастап, әскерден қайтқанға дейінгі қызметінің барлық сатысына белсене араласа алады. Қазіргі уақытта комитеттің өкілдері – ата-аналар үшін барлық әскери бөлімге, сондай-ақ әскерге шақыру және медициналық комиссияның жұмысы уақытында облыстық, аудандық жинақтау пунктеріне тәулік бойына кіруіне рұқсат берілген.


Источник: Inbusiness.kz