Вт. Ноя 12th, 2024

«Сақ стилі» жаңа сериясына жататын номинал.

Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап жаңа дизайндағы, 2023 жылғы үлгідегі, номиналы 5 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясының алғашқы банкнотасы. Ол дәстүрлі қазақ ою – өрнегінің бастаушысы болып саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Түсі — қызыл-қызғылт сары. Банкнотаның бет жағында:

  • көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
  • ДНҚ спиралы және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
  • жәдігер-бүркіт фигурасы түріндегі безендіру (Қорған Талды II, б.д. д. 7-6 ғғ.; бүркіт шексіз еркіндіктің, күш пен ептіліктің символы ретінде).

Банкнотаның сырт жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан фонындағы бүркіт бейнеленген. Негізгі бейненің артында дөңгелек қазақтың ою-өрнегі орналасқан. Бұл бейне мына идеяларды білдіреді:

  • «Қалқан» — құндылықтарды қорғау;
  • ежелгі символ — әлемнің төрт құбыласы;
  • ортасындағы күн белгісі — өмірдің символы.

Сондай — ақ, банкнотаның сырт жағында қанаты жайылған жәдігер-бүркіттің бейнесі орналасқан (Берел қорғандары «Патшалар Алқабы», б.д. д. 8-7 ғғ., ШҚО, безендіру элементі, еркіндік пен үйлесімділіктің символы). Банкнотаның ортасында Шарын каньонының ландшафты көрінісі орналасқан «шексіздік» қазақтың ою – өрнегінің фон-контуры бар.


Дереккөз: inbusiness.kz