Пн. Окт 7th, 2024

Жерасты дүмпуі 6,2 балл болған.

Қытайдың Ганьсу провинциясындағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 111-ге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, 111 адамның өмірін қиған 6,2 балдық жер сілкінісі дүйсенбіге қараған түні Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясының Цзишишань уезінде болған. 

«Қытайдың сейсмологиялық желі орталығының (CENC) мәліметінше, жер сілкінісі дүйсенбі күні Бейжің уақытымен 23:59-да болған. Гипоцентр 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Жерасты дүмпулерінің ошағы Джишишан округінің әкімшілік орталығынан 8 шақырымдай жердегі Люгу ауылында орналасқан», — делінген хабарламада. 

Куәгерлердің хабарлауынша, жер сілкінісі үйлерді, жолдар мен басқа да инфрақұрылымдарды зақымдаған. Бірнеше елдімекенде электр қуаты мен су өшіп қалған.

Жергілікті синоптиктердің мәліметінше, сейсенбі күні Джишишанда күндізгі ауа температурасы минус 10 градусқа жетеді

Облыстық өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін апат аймағына 580 құтқарушы, 88 өрт сөндіру машинасы, 12 іздеу иті, 10 мыңнан астам техника жинағы жөнелтілді.

Жергілікті теміржол басқармасы жер сілкінісі болған аймақ арқылы өтетін жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысын тоқтатып, пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін теміржолдарды толық тексеруді тапсырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қытайдағы жер сілкінісінен 86 адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, зілзала әсері Алматы тұрғындарына да сезілген.


Дереккөз: Inbusiness.kz