Сб. Ноя 23rd, 2024

Қайтыс болғандардың 83 пайызы – Меккеге рұқсатсыз барып, аптап ыстықта ұзақ уақыт жаяу жүргендер. 

Сауд Арабиясындағы биылғы қажылық кезінде қайтыс болғандардың саны 1300-ден асып кетті. Олар шөл патшалығындағы исламдық қасиетті орындарда өте жоғары температураның құрбанына айналып отыр. Мұны Сауд Арабиясының билігі жексенбі күні хабарлады.

Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрі Фахд бен Абдуррахман әл-Джаладелдің айтуынша, қаза тапқан 1301 адамның 83 пайызы қасиетті Мекке қаласы мен оның маңайында қажылық рәсімдерін орындауға рұқсатсыз барып, аптап ыстықта ұзақ қашықтыққа жаяу жүрген.

Мемлекеттік Al Ekhbariya телеарнасына сұхбат берген министр 95 қажы ауруханаларда емделіп жатқанын, олардың кейбіреулері ел астанасы Эр-Риядқа ұшақпен жеткізілгенін айтты. Және де министр қайтыс болған қажылардың көпшілігінің жеке басын куәландыратын құжаттары болмағандықтан, олардың кім екенін анықтау жұмыстары кешіктіріліп жатқанын мәлімдеді.

Әл-Джаладелдің сөзінше,  марқұмдар Меккеде жерленді.

Жан тәсілім еткендердің арасында 660-тан астам мысырлық бар. Каирдегі екі шенеуніктің айтуынша, олардың 31-нен басқасы рұқсат етілмеген қажылар болған. Мысыр билігі рұқсатсыз қажыларға Сауд Арабиясына баруға көмектескен 16 туристік фирманың лицензиясын қайтарып алды.

Аты-жөнін атамауды өтінген шенеуніктердің айтуынша, қаза тапқандардың көпшілігі Меккенің әл-Муайсем ауданындағы Төтенше жағдайлар кешенінде тіркелген. Жалпы алғанда, Мысыр биыл Сауд Арабиясына 50 мыңнан астам рұқсат етілген қажыны жіберіпті.

Сауд Арабиясы билігі қажылыққа рұқсатсыз барушылардың жолын кесіп, ондаған мың адамды елден шығарды. Бірақ көпшілігі, негізінен мысырлықтар, Меккедегі және оның айналасындағы қасиетті жерлерге, бәрібір жаяу жеткен. Рұқсат етілген қажылардан айырмашылығы сол, бұл адамдарда аптап ыстықтан жан сақтайтын қонақүйлері болмады.

Мысыр үкіметі сенбі күнгі мәлімдемесінде 16 туристік агенттіктің қажыларға тиісті қызмет көрсете алмағанын айтты. Жергілікті үкімет, сонымен қатар, сол компаниялардың басшылары тергеу үшін прокурорға жіберілгенін мәлім етті.

Мемлекеттік «Әл-Ахрам» газетінің хабарлауынша, кейбір туристік агенттіктер мен қажылық сапар операторлары қажылыққа баратындарға эксклюзивті виза талап ететін Сауд Арабиясының ережелерін бұзып, туристік визаларды сатқан. Және де сол агенттіктер қажыларды Меккеде және қасиетті жерлерді аптап ыстықта далада қалдырды деген мәлімет бар.

Associated Press агенттігінің мәліметінше, бес парыздың бірін өтеуге барып өлгендердің арасында Индонезиядан 165, Үндістаннан 98 және Иорданиядан, Тунистен, Мароккодан, Алжирден, Малайзиядан ондаған қажы бар. Сонымен қатар, АҚШ екі азаматының қайтыс болғанын хабарлады.

2015 жылы Минада 2400-ден астам қажы аяқ астында тапталып қаза тапты. Бұл — қажылық кезіндегі ең көп адам шығыны. Ал 1990 жылы дәл осындай себеппен Меккеде 426 адамның өмірі қиылды.

Сауд Арабиясының Ұлттық метеорология орталығының мәліметі бойынша, биылғы қажылық кезінде тәуліктік жоғары температура Мекке мен оның айналасындағы қасиетті орындарда 46 — 49 градус аралығында болды. Кейбір адамдар шайтанды символикалық таспен атқылау барысында есінен танып қалған.

Сауд Арабиясы көпшілікті бақылауға және жыл сайынғы бес күндік қажылыққа баратындар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге миллиардтаған доллар жұмсайды. Бірақ қатысушылардың көптігі бұл шараларды тиісті деңгейде жүзеге асыруды қиындатып отыр.

Климаттың өзгеруі қауіпті одан әрі күшейтуі мүмкін. Массачусетс технологиялық институтының сарапшылары 2019 жылы жүргізген зерттеу көрсеткендей, әлем климаттық өзгерістердің ең жағымсыз салдарын жеңілдеткен күннің өзінде, қажылық 2047 — 2052 жылдары және 2079 -2086 жылдары  «өте қауіпті шектен асатын температурада» өтуі мүмкін.


Дереккөз: inbusiness.kz