Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы паделден Азия кубогына алғаш рет қатысып, қола жүлдеге ие болды. 7–14 қараша аралығында Индонезияның Джакарта қаласында өткен жарысқа 17 елдің жасөспірімдер құрамасы қатысты.
Жасөспірімдер арасындағы Азия кубогы биыл екінші рет ұйымдастырылды. Алғашқы турнир 2024 жылы Бахрейнде өткен болатын.
Жарыс барысында Қазақстан құрамасы Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Оман және Ливан командаларын жеңді. Тек топтық кезеңде кейін турнир чемпионы атанған Иран құрамасына, ал жартылай финалда Кувейт командасына жол берді.
Үшінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандықтар Сауд Арабиясы құрамасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Азия кубогының жеңімпазы Иран құрамасы атанса, күміс жүлде Кувейт командасына бұйырды.
Қазақстан намысын алты спортшы қорғады. Олар үш жас санатында жұп болып өнер көрсетті:
- U14: Әлібек Дүйсенғазин мен Ибраһим Рахматуллин.
- U16: Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин.
- U18: Дамир Дүйсенғазин мен Таир Қайретдинов.
Құрама бапкерлері: Тимур Хабибулин – бас бапкер, Әділ Елтаев – бас бапкердің көмекшісі, Әлішер Сагинов – дене дайындығы бойынша жаттықтырушы.
Қазақстан Падел федерациясының президенті Арслан Абулгазин ұлттық құраманың өнеріне қатысты пікір білдірді.
«Бұл – ойыншылар мен бапкерлер құрамының табанды еңбегінің арқасында қол жеткізген лайықты нәтиже. Команда үшін қуаныштымын және спортшыларды дайындауға атсалысқан барша жанға алғыс айтамын.
Федерацияның міндеті – жаттығу үдерісін тиімді ұйымдастырып, спортшыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, халықаралық жарыстарға қатысуына қолайлы жағдай жасау және ел ішінде де, шетелде де тұрақты түрде жарыс тәжірибесін жинақтауына мүмкіндік беру. Біз ойыншылар мен бапкерлердің бар назарын дайындыққа аударғанын қалаймыз.
Азия кубогындағы нәтиже жасөспірімдер құрамасын дайындау бағытындағы жұмысымыздың жемісін беріп жатқанын көрсетті. Дегенмен, бұл – бастамасы ғана. Өзге елдердің де деңгейі өсіп келеді. Сондықтан дайындық сапасын арттырып, спортшылардың жарыс тәжірибесін молайтуымыз қажет.
Әсіресе, алдағы уақытта ересектер құрамасының сапын толықтыра алатын жас спортшылардың өсіп келе жатқаны қуантады. Бұл ұлттық құраманың болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Жасөспірімдер құрамасының да әлеуеті зор. Қазіргі таңда таңдаған бағытымыздың дұрыс екенін көріп отырмыз. Алдағы уақытта да спортшылардың шеберлігін шыңдап, жаңа жетістіктерге жетуі үшін бар күшімізді саламыз», – деді Қазақстан Падел федерациясының президенті .






Дереккөз: Ұлттық Падел Федерациясы