Қытайға ресми сапар аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Қытайға экспорт – ШЫҰ іріктеуі» форумына қатысты.
Бұл алаң қазақстандық экспортты Қытай нарығына ілгерілетудің негізгі тетіктерінің бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Форумды ашқан министр Қазақстан Қытайды стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын және сауда, инвестиция және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшыларының жетекшілігімен Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Бұл тауар айналымының тұрақты өсімімен, инвестициялық ынтымақтастықтың кеңеюімен және өнеркәсіптік кооперацияның тереңдеуімен айқын көрінеді.
Қазіргі таңда Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ал Қазақстан Қытай экономикасы үшін энергетикалық ресурстардың, ауыл шаруашылығы өнімдерінің және шикізаттың сенімді жеткізушісі болып қала береді.
Соңғы үш жылда екіжақты тауар айналымы тұрақты әрі қарқынды өсім көрсетіп келеді: 2023 жылғы 41 млрд доллардан 2025 жылы 48,7 млрд долларға дейін артты.
Бұл көрсеткіштердің артында екі ел экономикасының өзара толықтырушы сипаты, кәсіпорындардың прагматикалық жұмысы, сондай-ақ Қытайдың Шаньдун провинциясы сияқты дамыған өңірлерінің қолдауы тұр», – деді министр Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, «Қытайға экспорт» платформасы бизнеске тікелей байланыс орнатуға және Шаньдун провинциясы мен жалпы Қытай нарығына шығуға тиімді мүмкіндік береді.
Сонымен қатар министр Шаньдун провинциясының басшылығымен – вице-губернатор Вэнь Нуаньмен және Циндао қаласының мэрі Жэнь Ганмен кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бағыттарын, соның ішінде өнеркәсіптік кооперацияны, логистиканы және заманауи технологияларды енгізуді талқылады.
Министр атап өткендей, «Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы бүгінде бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде және тұрақты оң динамика көрсетуде». Оның сөзінше, сауда көлемін ұлғайтумен қатар, оның сапалы трансформациясын қамтамасыз ету маңызды. Жоғары қосылған құны бар өнімдерге және қайта өңдеуді дамытуға басымдық беру қажет.
Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан озық әрі экологиялық таза технологияларды қолдана отырып, бірлескен өндірістер құруға дайын екенін растады.
«Біз үшін жаңа өндірістердің халықаралық жоғары экологиялық стандарттарға сәйкес келуі және тұрақты дамуға үлес қосуы аса маңызды», – деді министр.
Тараптар өңіраралық ынтымақтастықтың маңызын да атап өтті. Шаньдун провинциясы Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және сауда орталықтарының бірі әрі Қазақстанның маңызды серіктесі болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Шаньдун арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоғары өсім көрсетті.
Министр «өңіраралық өзара іс-қимылды жандандыру қазақстан-қытай әріптестігінің барлық кешенінің дамуына қосымша серпін береді» деген сенім білдірді.
Іс-шара аясында министр отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылған Қазақстанның ұлттық павильонын да аралады. Экспозиция елдің экспорттық әлеуетін және қазақстандық компаниялардың Қытай нарығындағы қатысуын кеңейтуге дайындығын көрсетті.
Министр іс-шараның практикалық бағытына да тоқталып, тікелей диалог пен B2B кездесулер форматы қысқа мерзімде нақты келісімдерге қол жеткізіп, бірлескен жобаларды іске қосуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Форум барысында Қазақстанның шикізаттық емес экспортты ұлғайту, электрондық сауданы дамыту және тұрақты қосылған құн тізбектерін қалыптастыру мүмкіндіктері таныстырылды.
Қорытындылай келе, министр Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін айтты:
«Біз Қытайды негізгі әрі басым серіктес ретінде қарастырамыз және бірлескен күш-жігер арқылы өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге көтереміз деп сенеміз».
Дереккөз: inbusiness.kz